Сыр бүккен Сығанақ
Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» жаңа бағдарламалық мақаласы жарық көріп, қызу қолдау тапқан болатын. Мақаланы оқыған әр қазақтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатып, еңсесін тағы бір тіктеп алуға түрткі болардай серпін бергені аян. Жалпы, мақаладан ұлттық рухтың айрықша салтанат құрғанын көруге болады. Стратегиялық сипатқа ие бұл бағдарламалық мақала ауқымды тарихымызды дұрыс түсінумен қабылдауға шақыратынын жеткізді. Осы арқылы ел президенті тарихқа деген дұрыс ұстаным керектігін алға тартқан болатын. Расында, тарих әруақытта да жаңа зерттеулер, ізденістер нәтижесіндегі деректер мен дәйектер арқылы үнемі толықтырылып отырады. Осылайша, ата-бабалар мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақтың рухани дамуы, тәрбиесін алға қоятынымыз хақ.
Осы ретте, ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебінде мектеп директоры М.Тұрабаевтың басшылығымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау, түсіндіру мақсатында «Ұлы даламның өшпес тарихы» атты тарих және география пән бірлестігінің апталығы ұйымдастырылды. Айта кету керек, апталық барысында бірлестік жетекшісі И.Дүрімбетова және пән мұғалімдері К.Тәжбенова мен С.Кембілованың ұйымдастыруымен оқушылар арасында ел тәуелсіздігінен сыр шертетін өлеңдер оқылып, ғылыми жұмыстар жасалып, еліміздің тарихы мен мәдениетінен тамыр тартқан тренинг сабақтар өткізілді. Сонымен бірге, И.Дүрімбетованың ұйымдастыруымен сырға толы Сығанақ тарихына тереңірек үңілу мақсатында 8 сынып оқушылары сапар шекті. Өздеріне бейтаныс орынмен танысып, көп нәрсені көкейге түйген балалар саяхаттың маңыздылығына мән берді. Өлке тарихын таныстыру жұмысы жоспарлы түрде өткізіліп, оған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Алшынбаева, сынып жетекшісі С.Әйтенова мен бірлестік мұғалімдері де қатысты. Шараның апта бойғы жоспарында мектеп оқушыларымен қатар ұстаздар да түрлі тарихи байқауларда өз біліктіліктерін паш етті. Ал, қорытындысында, мұғалімдер арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, тақырып кеңінен қамтылған кешпен түйінделді. Міне, сыр бүккен Сығанаққа саяхатпен мазмұны айшықталған апталық қызықққа толы болды.