Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Серпіліс

Серпіліс

Қадірлі Сейілбек Шаухамановтың дүниеден озғанына да қырық күн болып қалыпты. Сәкең туралы естелік айту біздің парызымыз. Әрине, Шиелі өңірінде 3,5 жыл көлемінде атқарған жұмыстары жайлы. 1983 жылдың тамыз айында аудан басшылығында өзгеріс болды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, бұрын Тереңөзек ауданында комсомолдың бірінші хатшысы болған, кейіннен сол ауданда совхоз директоры, Жалағаш ауданында партия комитетінің екінші хатшысы, Сырдария аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып істеген, шаруаның да саясаттың да барлық саласында абыройлы қызмет атқарып, ел арасында іскерлігімен танылған азамат, бұрын Шиелі ауданының «сельхозтехника» бірлестігінде бақылаушы механик болған, мектепті де осы ауданда бітірген Сейілбек Шаухаманов келді.
Меніңше аудан жағдайы біріншіге етене таныс, кадрлар жөнінде де біршама емес-ау, жеткілікті хабары бар екені белгілі. Қай басшы келсе де, қалыптасқан дәстүр ме, әлде солай ма, әйтеуір шаруаның жағдайына талдау жасаудан бұрын, кадрларды іріктеуден бастайтыны бесенеден белгілі жағдай. Шындығы да сол, барлық тетік кадрлардың қолында екені белгілі.
Бұл жолы бірінші басшы ауданның экономикасына бақайшағына дейін талдау жасады. Бірде-бір сала қалмады. Әр саланың өмір талабына сай жұмыс ұйымдастыруына айрықша мән беріп, кадрлар талантының ашылуына бірден-бір қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік жағдайының артуына ерекше мән берді. Айтуымыз керек, адамдардың өзіне-өзі қызмет жасауын, әсіресе мәдениет-өнер, спорт саласына айрықша назар аударды. Адамдармен жұмыс істеудің неше түрлі формаларын енгізді. Ауданды тұтастай бір организмге бейімдеп оның әрбір мүшесінің міндетті жұмысын атқаруына жағдай жасап, елдің ауыз-біршілігін, ынтымағын қалып- тастыруда бір азаматтай еңбек жасады. Көпшілік орындарда да, аудандық комитеттің бюро мәжілістерінде де, «арыз» деген сөз ұғымын «өтініш» терминімен ауыстыруға ұсыныс жасады. Шындығында «арыз» ұғымы араздастыруды түсіндірсе, «өтініш» ұғымы бір-біріне ілтипат, сыйластық, құрмет сезімін білдіретін құдыретті ой белгісі емес пе?! Ауданда жасыл- желек бағдарламасын жүзеге асыруға бүкіл елді жұмылдырды. Бүгіндегі Бәйгеқұмнан Талаптанға дейінгі жол бойының екі жағындағы ағаш белбеуі Жақсылық Ахметовтын басшылығымен жүргізілсе, Шиелі жеміс-жидек совхозының кіріс берісіндегі көк желек Мұхит Исмаиловтың, Бекежанов атындағы колхозының автожол бойындағы орман алқабы колхоз төрағасы Жолдыбай Ақмолдаевтың табандылығымен жүзеге асырылса, Төңкеріс колхозының дарбазасына айналған көк балауса тоғай алқабы Нағымет Қозайдаровтың еңбегі еді. Бұндай шаралар ауданның барлық елді мекендерінде жүзеге асырылды. Тіптен Еңбекші совхозының орталығындағы көшелер бойындағы жас ағаштар қатары бой түзесе, Қаратау асып кең далаға алма бағының ұйымдастырылуы Үпілмәлік Мырзахметов пен Жамалхан Баетовтың талапшылығымен коса Сұлтанхан ағамыздың таза маңдай тері еді. Шиелі қалашығы көптен бергі көк желек көйлегін жаңадан ауыстырғандай болды. Орталық алаң қайтадан жасалынып, В.И.Лениннің ескерткіші орталық трибунаға орнатылды, мраморланған қасиетті орны сол кездің өлшемімен алғанда облыстағы ең көрнекілердің бірі болды. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралмаған боздақтарға арналған Ұлы женістің 40 жылдығына сәйкес алып ескерткіш тақта- панорама жасалынды. Бұның өзі «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халқымыздың даналығын тағы да паш еткендей болды. Тағзым етудің қандай кезеңі болмасын еңселі ел азаматтарының саналы іс-қимылына бүкіл аудан болып қолдау жасағанда орындалмайтын іс-шараның болмайтынына бүкіл елдің көзі жетті. Ауданның ардагерлеріне арнап арнайы демалыс, сауда орны ашылып, оған «Ілтипат» деп ат койылды. Бұның өзі ардагерлердің бас қосу, пікір алысу және сырласу орнына айналғанын ешкім де жоққа шығара алмас еді. Сондай-ақ, сауда орындарында «Табиғат сыйы» соңғы үлгідегі «Тірі балық-живая рыба» дүкені мен «Жастар» кафесін ұйымдастыруы қоғамның жаңа даму жолындағы жаңашыл бастамалары еді. Бұрынғы қараусыз қалған ағаш өсірудің тәжрибе станциясының бағын қалпына келтіріп қана қоймай, 60 түрлі ағаш түрлерінің керемет саябағын ұйымдастырып, аудан орталығы тұрғындарының демалыс орнына айналдырды. Бұл ауқымды демалыс орны Қызылорда облысының бірде-бір елді мекенінде, не Қызылорда да жоқ еді. «Әлемнің әміршісі-еңбек» атты фундаменталды ескерткіш пано орнатылып, «Күріш біздің-байлығымыз» атты Сырдың сұлу дақылын дәріптейтін қасиетті белгі қойылды. Бұндай игілікті, өнегелі шаралар аудан азаматтарының патриоттық сезімін қалыптастырып қана қоймай, оның әрбір сүйем топырағын қадірлей, қастерлеу мақсатында, экологиялық тазалығын сақтап қана қоймай, оның бұрынғы табиғи жағдайын Шиелі сырдың маржаны, Швейцариясы деген атты қайта қалпына келтіруді меңзейтін әртүрлі мазмұндағы панолар дүниеге келді. Аудан шекарасының оңтүстігі мен солтүстігіндегі республикалық маңызы бар тас жолға арнайы шекаралық ескерткіш белгілер қойылды. Қазақтың әдеп-ғұрпын сақтап, оны болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында шекара аумағына арнайы құдық қазылып, шынжырлы шелек қойылды. Әртүрлі ұлттың тағамдарын дайындайтын арнайы асхана ұйымдастырылып, елдің қонақжайлылығы мен қазақи салтымыздың дәстүрлі қағидалары іс-жүзінде насихатталынды.
Сол кезге дейінгі үрдісте жоқ, гүл мерекесін өткізу әдетке айналды. Мәдениет атаулыға жаңаша түсінік кең ұғым, қолдау көрсету көрер көзге айқын сезіліп тұрды. Жер пайдаланудың мәдениеті қалыптасты, егіс айналымын ретке келтіруге, агротехникалық шаралардың жүзеге асырылуы қатаң бақылауға қойылып, күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім алуға қол жеткізіліп, күріш сапасы артты. Үлкен Шиелі каналының Сырдариядан бас­тау алатын орны қайтадан қазылып, шаруашылықтардың суға дегендегі сұранымы қанағаттандырылып, Сарысу бойындағы көктемгі су тасқыны кезіндегі мол ылғалды пайдаланып қалу мақсатында өзен бойына бөгет-шлюз жасалынып, қолдан шабындық көлемінің ұлғаюына үлкен мән берілді. Бұның өзі жазғы жайлаудың тиімділігін арттыру арқылы қанағатгандырылды. Қой шаруашылығындағы бұрынғы қалыптасқан жақсы дәстүр-малды бордақылау жұмысы жүйелі жүргізіліп, еркек қозыларды күзгі айыру кезінен бордақыға қойып етке өткізу жолға койылды. Қазақстанның 30 жылдық совхозының тәжрибесінде жылдың алғашқы бірінші тоқсанында-ақ ет дайындап, өткізудің мемлекеттік жылдық жоспарын орындауды қамтамасыз етудің үлгісін көрсетті. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында ірі қара цехтарында қолдан қашыру пунктері ұйымдастырылып, асыл тұқымды ірі қараның арнайы топтары сұрыпталынды.
Жылқы өсіру арқылы қымыз дайындауға, түйе шаруашылығы өнімін молайтуға айырықша мән берілді. Бір сөзбен айтқанда бұрынғы жақсы дәстүр өз өрісін кеңейтті, басшылық тарапынан қолдау тапты.
Сейілбек Шаухамановтың кезінде бәйге аттарын дайындауға Жамбылдың жылқы заводынан, Ташкент қаласының ипподромынан арнайы дайындықтан өткен асыл-тұқымды бәйге аттары әкелініп, облыста өтетін жыл сайынғы «Алтын күз» мерекесінде барлық қашықтықтағы жарыс жеңімпазы Шиелі шабандоздарының қолында болды. Асыл тұқымды аттар негізінен Ленин атындағы колхоз бен XXX жылдық Қазақстан, Телікөл совхоздарында шоғырландырылды. Бұның барлығы сайып келгенде ауданның бірінші басшысының ықпалымен жүргізілгені сөзсіз, әрі кадрларды өз орындарына қоя отырып, талапшылдықты күшейткендік те еді. Тіптен кейбір отырыстарда-дастархан басындағы Сәкеңнің мына сөзі әлі есімнен кетпейді, «жігіттер жұмыс істесек жұмыс істегендей, ал ішсек ішкендей етейік» деуі дәлел, әрине әзіл ретінде айтқаны болуы керек.
Мал шаруашылығындағы, әсіресе қой шаруашылығындағы жұмыс жағдайы бірінші басшыны әбден ойландырса керек. Мал басының шығыны азаймай, төл алу көрсеткіші басқа аудандармен салыстырғанда, әсіресе, көрші Жаңақорған, солтүстіктегі Арал, Қазалы аудандарында жоғары болуы, кемшіліктер төркінін іздеудің реті келгенін, аудандық қойшылар слетін осы мақсатта өткізетінін айтып, Қаратаудың арғы бетіндегі Созақ өңіріне іргелес жатқан «Майшы» сазында өткізу келісілді. Табиғат берген көк майса орып, аяғыңмен басып жүруге де қимайтын масатыдай жайылған алқаптың жан-жағын қоршай ақбоз үйлер тігіліп, көшпенді қазақтың қанатты қалашығы бір-ақ күнде салынғандай болып, электр жарығы аспан тұңғиығындағы жұлдыздармен үнсіз жымыңдасып тұрғандай. Қаратау қойнауындағы, Қызылқұм өңіріндегі, Сарысу бойындағы малшылар қауымының басы қосылып, ақыл айту үшін емес, ақылдасу үшін келгенін, тәжірибе алмасып, қазақтық әдет-ғұрпымызға сай, жаз-жайлауда малды өріске шығарып салып, еркін демалу жайын да ұмытпай, дас­тархан жайып, дәм тату үшін, сондай-ақ, алға үлкен міндет қою үшін де келгенін жасырмай ағынан жарылып айтты. Айтылған сөз мағынасына терең бойлай ой жіберсең, өзіңнін өмірдегі орнынды айқындап қана қоймай, мен осы кімге қарызбын, Отанға ма, елге ме, әлде әке мен шешеге ме, аға-бауыр, ініге ме, туған-туысқанға ма немесе басшыға ма, әйтеуір бәрі сараланды. Оның тоқетер түйіні адам дүниеден өтер алдындағы соңғы сапарға шығу сәтінде айтылатын «Бұл адам қандай еді, қарыз-берешегі бар ма еді» дегендегі, берген уәделерін орындамағандары болса да ескерілетінін, сондықтан да алынған міндеттемелеріңді орындауда абырой биігінен көрініңдер деп қорытынды жасалынды. Меніңше бүрын соңды болмаған сөз маржандары теріліп, баяндалды, мадақтау сөздердің қалықтағаны соншалық, көңілді кештегі би әуендеріне ұласып, өз адрестерін тауып, бірін-бірі қызғанышсыз-ақ құттықтап, есітіп-білгендерін ауылға жеткізуге асыққандары соншалық байқалып жатты. Азанғы салқынмен бәйге аттарының тізгіні босатылып, соңы көкпарға ұласты. Саяси тұрғыдан сараланған жиын, думанды тойға жалғасып, әркім өзінің жазғы жайлауына қарай бет түзеді. Ендігі мақсат айтылған ойлардан қандай қорытынды шығару нәтижесі тек малшы қауымының өздеріне байланысты екендігі айқындалды.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес кешегі жиында айтылған ұсыныс-пікірлер сараптамаға түсіп, нақты орындаушылары белгіленіп, міндеттер айқындалды. Екі апта өтісімен басшылық тарапынан арнайы тапсырма беріліп, қасыма аудандық бас мал дәрігері Каналбек Тәжіковты, өзінің өтініші бойынша енді ауданға келіп жатқан қауіпсіздік комитетінің қызметкері Еркін Қойшыбаевты және Бәйгеқұм селолық ауруханасының балалар дәрігері Әбуов Әбсадықты ерітіп бүкіл Сарысу, Қаратау бойындағы малшылар отарын түгелдей қамтып, бақташыны да, түйекешті де, жылқышыны да қалдырмай аралап, 122 малшы нүктесі қамтылып бес күн жүріп жан-жақты зерттеу жасап, оның қорытындысы бойынша хабарлама берілді.
Жай ғана хабарлама емес, шаруаның нақты жайы, малшылар слетінен алынған әсерлерін, қабылданған шаралардың тиісті салалар бойынша орындалу жайы, он парақтық хабарламада келелі ұсыныстармен толықтырылып баяндалғанды.
Жалпы жаз айында мал шаруашылығы жұмысын ұйымдастыруда әлі де болса көптеген кемшіліктердің орын алып келе жатқандығы, шешімін табуды қажет ететін шаралардың жүзеге асырылуын өмірдің өзі қойып отырғанын ашық айттым.
Жарты жыл көлемінде «Шиелі» деген алып механизмді іске қосып, оның әрбір тетіктерін басқаруға қызмет орындарының міндетіне де қарамай, олардың қабілет-қарымына қарай уақыт мерзіміне сәйкес бекітілуі, кадрлардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, іскерліктерін шыңдай түсудегі ерекше үлгідегі мектеп болды ма деймін. Мен өзім көп нәрсені үйрендім, зерделеп тоқыдым, адамгершілік аясында болатын шым-шытырық оқиғалардың куәсі болдым.


Сайлаубай Әбішев,
Шиелі аудандық партия комитетінің
бұрынғы хатшысы, халықаралық
жазушылар одағының мүшесі.
25 қыркүйек 2018 ж. 1 182 0