Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік клубтың үлгісі

Үздік клубтың үлгісі


Сенбі күнгі жұмыстардың қиюын келістіріп, әріптесім Ерұлан Даткенов екеуміз Төңкеріс ауылына қарай бағыт алдық. Ондағы мақсатымыз – үздік ауылдық клубтың қызу жұмысымен танысу. Мың мәрте естігеннен, бір көрген артық дегендей ауыл тұрғындарымен біте қайнасқан тіршілікті көзбен көрмек­піз...
Ең әуелі 1929 жылы 17 шаңырақтан құралған Төңкеріс колхозынан еңбегімен елге мәлім болған, Ленин орденін кеудесіне қадаған Әлтай Қалмағанбетов, қос Ленин ордені бар, есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылған Ертіш Дүйсеков, қоғам қайраткері Шеген Қодаманов, халық қалаулысы Қалияш Тұрсынова дүниеге келген қасиетті мекенге қадам басқан сәтте оң өзгерістерді де көзіміз шалды. Жуырда ғана құрылысы аяқталған спорт кешені орталық көшенің сәнін кіргізіп тұр. Ал, оған қарама-қарсы бетте «Ш.Қодаманов» ауылдық клубының ғимараты. 2015 жылы жаңадан бой көтерген кешеннің алдында сенбілікке шыққан қызметкерлерді аңғардық. Мәдениет саласында тынбай еңбек етіп, өнерге баулыған қасиетті орданың қызметкерлері тазалыққа ден қойып, әр сенбіде осы дәстүрден айнымайтынын жеткізді. Қандай да бір іс болса басы қасынан табылып, әріптестерімен ауыртпашылықты қатар көтеретін ер мі­незді клуб меңгерушісі Баян Арыстанова да білек сыбана кіріскен.
Айналасы мұнтаздай, жасыл желекке оранған клуб іші де тартымды. 12 қыз­меткердің ауызбіршілігі мен жауапкершілігі сезіліп-ақ тұр. Басшысы «Ә» дегеннен орынбасары Айбек Жакиев істі ұйыстыра әкетіп, 4 түрлі үйірменің жұмысымен таныстырып әлек. Бірінде домбыра, бірінде ән, келесі көркем сөз оқу және би үйірмесі екен. «Ауылда өнерлі жастар көп. Оларды тек үйірмеге қатысумен шектемей, бойындағы талантты ашып, түрлі шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Үлкен сахнаға шығып, мыңдаған көрермендерге бой үйрету өте қиын. Сондықтан, ауылдық клуб өнер жолындағы алғашқы баспалдақ болуы тиіс. Осы орайда, «Ауылым алтын бесігім», «Айналайын халқымнан еркелеткен», «Бозторғай» сынды байқаулар мен шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Одан бөлек, «Өнерпаз болсаң» атты ауыларалық суретшілер байқауы, «Елбасының Жолдауы – дамудың даңғыл жолы» тақырыбында жастармен сұқбат, Шиелі ауданының 90 жылдығы аясында «Ел іші өнер кеніші» атты мерекелік концерттер өтті. Бұл ағымдағы жылы атқарылған жұмыстың кішкене бөлігі» – деді, клуб меңгерушісі.
Өнердің жанашырына айналып, 2006 жылдан «Ш.Қодаманов» ауылдық клубының меңгерушісі болып тынымсыз жұмыс жасап келе жатқан Баян Базарғалиқызы алдағы уақытта «Аталар ансамблін» құруды жоспарлап жүргенін жеткізді. Ақ жаулықты әжелеріміз ән салып, ұлттық салт-дәстүрімізді қоса жандандырып жүр. Енді аталардан құралған топ патриоттық әндер шырқап, тоғызқұмалақ ойнап, жас жеткіншекті өнерге баулыса деген көкейдегі арманын жасырып қалмады. Түрлі байқаулардан бақ сынып, ауданның үздік клубы атанған «Ш.Қодаманов» ауылдық клубы облыс, республика көлемінде де жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Алдағы уақытта облыстық «Үздік клуб» байқауына ауданның атынан баруға қызу дайындалып жатқанын да құлағымыз шалып қалды. Өнер ордасына айналған киелі Шиелі ауданының мәдениетін дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосып, жетістіктер биігінен көрінуге сеп болып жүрген клуб қызметкерлеріне сәттілік тілеп, біз де жұмысқа қарай аяңдадық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
12 қыркүйек 2018 ж. 1 679 0