Тәуелсіздікпен келген заң
Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты асқақтай көтерілген Тәуелсіздік туы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жеткізілді. Ішкі-сыртқы саясатымызды ұлттық мүдде арнасында жүргізіп, демократиялық даму жолына түстік. Зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың берік іргетасын қалап, өркениет көшінің бел ортасынан орын алғанымызды бүкіл әлем, жұртшылық мойындады. Халықаралық аренадағы, экономикадағы әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткен оң жетістіктеріміздің барлығы сара саясатын айқындап берген Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады.
Конституция латыннан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды білдіреді. Қазақша мағынасы – ел, мемлекет болудың тетігі деген сөз. Онда маңызды үш мәселе мемлекеттік және қоғамдық құрылыс, адамның немесе азаматтың мәртебесі және мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі қамтылған. Әр елдің жазылған, жазылмаған өз конституциялары бар. Қазақ елінде Ата Заңның бастаулары болып Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті Жарғысы болып табылады. Қазан төңкерісінен кейін кеңестер құрамындағы тұңғыш мемлекеттік конституциямыз 1924 жылы, одан кейін 1937, 1978 жылдары қабылданғанын баршамыз өткен тарихымыздан жақсы білеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Ата Заңымыз қабылданды. Конституциядағы кейбір кемшіліктер ескеріле келе 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата Заң қабылданды.
1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90, 58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Осылай дүниеге келген Конституция Тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол салып берді.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық, ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.
Әлемдік өркениеттің алдыңғы сапынан орын алуға бет түзеген ел тарихында жаңа кезең, дағдарыстан дамуға бет бұрған жаңа жетістіктерге толы кезең басталды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаз да жарқын, сара саясатының нәтижесінде елімізде шын мәнінде құқықтық демократияға жол ашылды. Осынау қол жеткен жетістіктерді баянды ете отырып оны ары қарай жалғастыру елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың абыройлы борышы екендігі
даусыз.
Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап құрметтей білсе, өткен тарихы мен бүгінгі жетістігін сезіне білсе сол игі. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тұғырлы, болашағымыздың кемел, бауырымыздың бүтін, іргетасы бекем, бірлігін ту еткен тұғырлы мемлекетіміздің келешегі жарқын болары сөзсіз. Ата Заңымыздың 23 жылдық мерейтойы құтты болсын, ағайын! Ата Заңымыз мәңгі ғұмырлы болсын!
Әліп Қазыбек,
аудандық ІІБ бастығының
міндетін атқарушы,
полиция майоры.