Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата заң – абыройың

Ата заң – абыройың

Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына биыл 23 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде Конституция өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеп келе жатыр. Ата Заң мемлекеттің болашақтағы дамуының бағдаршамы іспеттес. Оны халқымыздың ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуын көксеген армандарын жүзеге асырған, мақсат-мүддесін құқықтық мемлекет ретінде заң тілінде өрнектеген, дүниежүзі мемлекеттеріне, бүкіл адамзатқа жер бетінде берік те нық Қазақстан деген мемлекет бар екенін жария еткен заңды күші бар құжат деп мақтанышпен айтуға болады.
Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бас­тауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», – деген сөзі бар. Осы орайда, ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған бас­ты құжатымыздың авторы – Қазақстанның бүткіл халқы болып табылады.
Қазіргі қолданыстағы Конституцияның басты әрі бірегей артықшылығы ең алдымен адам және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы, байлығы деп тануында болып отыр. Осы 23 жылдың ішінде Конституция мемлекеттің нормативтік құқықтық жүйесінің басталуы, қоғамның құқықтық мәдениетінің қайнар көзі ретінде жалпы Қазақстанның даму үрдісінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
Сот төрелігі тиімділігін арттыру, сот-құқық жүйесін жетілдіру мақсатында бірқатар маңызды шаралар қабылданып, іске асырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Сот жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар» туралы Жарлығы мен Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңы – осындай шаралардың нәтижесінде жүзеге асып келеді.
Қазақ билерінің қызметін атқару, жүгін арқалау һәм міндетін орындау қазіргі таңда судьялардың еншісіне тиген дүние десек қателеспейміз. Иә, заман мен қоғам, соған сай заң өзгерді. Кеше билер, бүгінде судьялар. Алайда, бір нәрсе өзгере қойған жоқ. Ол – төрелік айту, дау-дамайда әділ шешім шығару. Билер дала заңына сүйенсе, қазіргі таңда судьялардың сүйенері Конституция.
Конституциямыздың келешекте еліміздің алдыңғы қатардағы мемлекет болуына, демократияның, тиімді экономикалық реформалардың қалыптасуына жағдай жасайтын басты нормативтік құжат болатыны анық. Бұған қол жеткізу үшін әрбір азамат Конституцияда көрсетілген өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, сақтауы қажет.
Бүгінде қоғамда оңтайлы үрдістерді байқауға болады. Адамдардың болашаққа деген көзқарасы өзгеріп, қоғаммен бірге сәйкесінше дамуға ұмтылуда. Мемлекетіміздің күш-қуатына және ертеңіне сеніммен қарайды. Біздің мемлекетіміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Ол – заң әуелден үстемдік алған Қазақстанның саяси және әлеуметтік әділетті, экономикалық еркін ел ретінде берік іргетасын одан ары нығайта түсу. Бұл игілікті болашаққа нық қадам жасаудың кепілі болмақ.
Сондықтан, Ата Заңымыз қолданыста болған жылдар бізге тек даму мен серпіліс, бейбітшілік пен қоғамдық тұрақтылық сыйлады. Бүгінгі таңда көп жетістіктерге қол жеткізген егеменді елімізді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алға қойған ауқымды да абыройлы мақсаттарыңыз орындалып, еңбектеріңіз елеулі, мерейлеріңіз үстем болып, еліміздің даму жолында қызмет етулеріңізге шын жүректен тілектеспін.
М.Күздеубаев,
аудандық соттың төрағасы.
01 қыркүйек 2018 ж. 4 008 0