Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДАДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

ҚЫЗЫЛОРДАДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Конституция күніне орай салтанатты шара өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

«Конституция Тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде бірлігімізді бекемдеп, экономикамызды нығайтуда, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқаға айналды. Әрине, біз, талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, Елбасының бастауымен XXI ғасырдағы ең озық 30 елдің қатарына кіруді ұлы мақсат еттік. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін басты стратегиялық құжаттар - «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Ұлт жоспары», индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары бекітілді. Сондай-ақ, қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігі айрықша мәнге ие болып отыр. Сыр өңірі - рухани бай мұраларымызды сақтау, оларды кеңінен насихаттау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір аймақ. Осы орайда, еліміздің толағай табыстарына Елбасы «Алаштың анасына» балаған Сыр халқының қосқан үлесі зор екенін мақтанышпен айта аламыз»,-деді облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов.




Атап өтейік, Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, республикалық және облыстық маңызы бар 150 тарихи-мәдени ескерткіш туралы толық ақпараты бар аймақтың интерактивті картасы жасалды. Облыс және аудан орталықтарында мемлекеттік рәміздер аллеясы салынып, облыста тұңғыш қазақстандық соттан тыс татуласу орталығы ашылды. Сонымен қатар, Сыр өңірінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау және дауларды соттан тыс реттеу тәжірибесі бүкіл ел бойынша ұсынылатын болады.
Шара классикалық музыка мен халық әндерімен, олардың қатарында халықтың жүрегінен орын алған «Менің Отаным», «Қазақ вальсі», «Айналдым елім», «Астана» әндерін қызылордалық әншілер мен аймақтың этномәдени орталық өкілдерінің орындауындағы мерекелік концертпен жалғасын тапты. 

https://syr-media.kz/


                                            
30 тамыз 2018 ж. 1 761 0