Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүктілік және йога: пайдасы қандай?

Жүктілік және йога: пайдасы қандай?


Йога сізге таныс па?


Йоганы үйрететін көпшілік мектептер жүкті әйелдерге ерекше мән беріп, мейілінше өздерін жеңіл сезінулеріне көмектескісі келеді. Бұрын-соңды йогамен шұғылданып көрмеген адам спорттың немесе ілімнің осы бір түрін тек көзді жұмып, саусақтарын шошайтып отырады деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде йога жаттығулары сізді тек физикалық тұрғыда ғана емес рухани тұрғыда кемелденуге, гармонияға бөлеп, өзіңізді бағалауға әрі мидың тынығуына керемет көмектеседі.

Бала күтіп жүрген әйелдерге арналған медитациялар мен арнайы жаттығулар оларға жатырдағы баласы сондай-ақ өзін қоршаған жандармен жалпы алғанда әлеммен үйлесім табуына, дене бітімін нығайтып, жеңіл босануға септігін тигізеді.      

Йоганың пайдасы

Йогамен тұрақты түрде айналысатын жүкті әйелдер көңіл-күйлерін жеңілдетіп, токсикозға деген бейімділіктен құталыды, тез шаршау мен ұйқыбастылықтан арылады. Йога жаттығулары қан тамырларының домбығып, жарылуының алдын алса, ісіктен сақтайды, ана мен бала арасын байланыстырып тұрған қан айналымын жақсартады. Түрлі иілмелі жаттығулар болашақ ананың жамбас, іш сондай-ақ арқаның бұлшықетін қатайтып, бұлшық ет талшықтары сіңірлерінің созылмалығын ұлғайтып, денені қосымша жүктемеге дайындайды. Ең бастысы жүктіліктің жеңіл өтуіне әрі жеңіл босануға септігін тигізеді.

Жүктілік кезінде йогамен шұғылдану эндокринді жүйенің жұмысын жақсартып, иммунитетті күшейтеді, денеге артық майдың жиналуына қарсы тұрса, дененің босаңсып, демалуына жағдай жасайды. Ерекше атап өтерлігі гармондары сәт сайын ойнап тұратын жүкті келіншектерге жақсы көңіл-күй сыйлап, әлдебірнәрсеге орынсыз уайымдау, алаңдау сынды жағымсыз әсерден құтылуға көмектседі.

Тыныс алу жаттығулары қанға оттегін алып келсе, өкпенің жұмысы жақсарады, бұл кейіннен толғақты жеңілдетуге таптырмайтын әдіс. Тағы бір ерекшелігі – йога өз денеңді, болмысыңды, эмоцияларыңды жақынырақ тануға әрі бақылауда ұстауға көмектеседі. Бұл ең әуелі күйзеліс кезінде пайдаға жарайды.   

Ескеретін кеңестер

Жүктіліке дейін йогамен шұғылданған немесе жалпы салауатты өмір салтын ұстанған әйелдер жүктіліктің бастапқы кезеңінде өте ұқыпты түрде спорт жаттығуларын жалғастыра алады. Тек өзіне қажет жаттығуларды ғана жасап, кейбір ішкі құрылысқа қатты салмақ түсіретін иілмелі жаттығуларды шектеуге тура келеді. Мұндай күрт қозғалыстар құлап қалуға апаруы мүмкін.

Ал, егер бұрын-соңды спортқа аса қызығушылғы жоқ жандар үшін алдын-ала мамандандырылған топтарға жазылған дұрыс. Ең әуелі жүктілігіңізге зиян келмес үшін дененіңізді жеңіл жаттығуларға үйретіп, бейімден абзал. Жаттығуларды жүктіліктің кез-келген кезеңінен бастауға болады, нұсқаушы сізге ыңғайлысын өзі таңдап береді.
Жалпы екіқабат әйелдер үшін йогамен өте ұқыпты шұғылданған дұрыс. Әсіресе секірістен, жылдам қарқынды қозғалыстардан сақтанған жөн. Бір қалыптан келесі қалыпқа ауысу үшін өте баяу қимылдау керек. Жүктіліктің екінші триместрінен бастап ішке жатып жасайтын жаттығуларды шектеген дұрыс. Ал, үшінші триместрден бастап шалқалай жатып орындайтын жаттығуларды доғарған дұрыс. Бұл – қан айналымды баяулатады. Көбінесе бір қырмен жатып немесе түрегеліп тұрып істейтін жаттығуларды орындаған абзал.   
19 тамыз 2018 ж. 1 102 0