Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қобалжуды жеңу әдістері

Қобалжуды жеңу әдістері

Маңызды кездесу, жауапты шара, маңызы зор жеке оқиға секілді адамды қобалжытатын себептер өмірде көптеп кездеседі. Соның салдарынан жүрегіңіздің соғысы жиілейді, алақаныңыз терлей бастайды немесе ішіңізде жағымсыз сезім орын алады. Төменде қобалжу белгілерімен қалай күресу керектігіне тоқталамыз. 
Өзіңізді еркін ұстаңыз. Сабырлылықтың басты құпиясының бірі өзіңізбен үнемі жұмыс істеу. Егер қобалжу әрдайым сіздің серіктесіңізге айналса, онымен ішкі тыныштандырудың кез келген техникасын қолдану арқылы күресу керек. Оған йога, медитация және ой жаттығулары жатады. Кей адамдарға тоқу немесе ыдыс жуудың өзі жүйкелерін тыныштандырады. Сондықтан өзіңізді тыныштандыратын іспен айналысыңыз. 
Қобалжуды басуда дауыстап сөйлеу техникасы да тиімді көмектеседі. Маңызды кездесу немесе шара алдында өзіңіз жалғыз немесе басқа тыңдаушымен жан-жақты жаттығыңыз. Мысалы, сәлемдесуді және қоштасуды ойластырыңыз. Алайда мұндай жаттықтыруды күндіз жасаған жөн. Егер бұл іске кешке кіріссеңіз, түнімен ұйықтай алмауыңыз мүмкін. 
Терең  тыныс алыңыз. Алақан терлеуі, жиі жүрек соғысы, бас айналу секілді қобалжу белгілері - күйзеліс гормонының және адреналиннің шығуына байланысты ағзаның табиғи физиологиялық жауап беруі. Бұл жағдайда олардан тыныс алу жаттығулары арқылы жылдам құтылуға болады. Ол кезде кеудемен емес, ішпен тыныс алу керек. Күйзеліс белгісін жылдам кетіру үшін «10-ға дейін тыныс алу» техникасын қолдансаңыз болады. Ол үшін «1-2-3-4» деп санағанда ішке терең тыныс алып, «5-6-7-8» дегенде баяу дем шығарып, «9-10» кезінде үзіліс жасаңыз. Осы жаттығуды 4-5 рет қайталаған соң жүрек соғысыңыз қалпына келе бастайды. 
Өз күшіңізге сену. Өз күшіңізге және қабілетіңізге сену барлық қобалжуды жеңіп шығатынын есіңізде сақтаңыз. Өзіңізге деген сенімді арттыру үшін осы уақытқа дейін жеңіп шыққан дәрежелер тізімін жасаңыз. Оған тек байқаулар ғана жатпайды. 
Өміріңізде кездескен қандай да бір қиыншылыққа бой ұсынбай жеңіп шыққаныңызды да жеңіске жатқызыңыз. Өзіңізге сенудің тағы бір жолы өзіңізді толықтай, яғни артықшылығыңыз және кемшіліктеріңізбен бірге қабылдау. 
reactor.inform.kz
22 шілде 2018 ж. 1 755 0