Кешіре білу...
Сізді алдап немесе сатып кетсе, оны кешіруге бола ма? Жанымызға батса, ештеңе болмағандай күй жасай алмаймыз. Жылдам кешіру – өзіңізді алдау, себебі жүрегіңізде жара қалып қояды. Сондықтан кешіру үшін уақыт, шыдамдылық және өзіңізбен жұмыс жасау керек болады. Нәтижесінде, ауыртпалық пен реніштен босап, ары қарай жеңіл өмір сүре аласыз. Реніш сөздерді немесе бұрыс әрекетті жиі және оңай кешіре салатын кездер болады, бірақ кейде ауыр «соққы» мен терең «жара» қалдырған жағдайда жай кешіре салу мүмкін емес. Мұндай жағдайда оларды кешіру ішкі жұмысты қажет етеді. Бұл уақыт бойынша ұзақ әрі қиын жол болуы мүмкін. Біреулер бұл жолдан өте алса, басқалары кек алғысы келеді. Алайда кешіруге өзінен күш пен батылдық тапқан адам ғана соңында ауыр жүктен босаған секілді сезімде болып, өмірдің жаңа мәнін көре алады. Кешірім жүректі ауыртпалықтан, реніштен және ашудан тазартады. Бұл жерде өзіңіз кешіргеніңіз немесе оның кешірім сұрағаны маңызды емес. Өзімізге зиянын тигізетінін біле тұра, біреуге ренжіп жатамыз. Кейде сол ренішті ішімізде бірнеше жыл, кейде тіпті бірнеше онжылдықтар бойы сақтап жүреміз. Кешіре салу қиынға соқса да, одан құтылуға тырысу керек. Ендеше, қалай кешіріп үйренеміз? Алдымен реніштің нақты себебін анықтаңыз. Дәлірек не нәрсеге ренжідіңіз? Мүмкін, дұрыстап ойлансаңыз, реніш себебі түкке тұрмайтын нәрсе болуы мүмкін. Сонымен қатар, не үшін ренжігеніңізді дыбыстап айтыңыз. Бұл реніш арқылы не нәрсеге жеткіңіз келеді? Кейде «тиімді» болғаны үшін ренжуді жалғастыруыңыз мүмкін. Мысалы, біреулер ренжу арқылы өзіне назар аударғысы келсе, басқалары ренжіткен адам өзін кінәлі сезінгенін қалайды. Әрине, бұл барлық жағдайда солай деген сөз емес. Өзіңізді түсініп болған соң, ренжітуші адамды түсінуге тырысыңыз. Әр адамның басынан өтетін жағдайларың бірі – байқамай ренжітіп алу. Мысалы, біреуге еш мағынасы жоқ сөз басқаның жанына батуы мүмкін. Егер шынымен де ренжітейін деп ойламаған болса, ол адамға ренжудің қажеті бар ма? Кей жағдайда адам ашу үстінде болса, не айтқанын білмей қалуы мүмкін. Тізіп айта берсек, байқамай ренжітіп алудың да бірнеше мүмкін жағдайлары бар. Егер бұл айтылған қадамдар еш нәтиже бермесе, сізді ренжіткен адам өміріңіздегі маңызды адамдардың бірі болса, оған өзіңіз бірінші баруды қарастырыңыз. Біз басқа адамдарға көп ренжімейміз, біз тек өте жақын адамдарға қатты ренжитініміз рас. Себебі, ол адамның ойы сіз үшін бәрібір емес. Біз өмір бойы жаңа нәрсе үйренумен боламыз. Өмірімізді жеңілдету үшін кей заттарды ертерек білген де дұрыс. Солардың бірі – адамдарды кешіре білу және өзіңіздің ішкі дүниеңізді дамыту. Кешіріп үйрену арқылы өз денсаулығыңызды күтесіз. Кешірім жаныңызды тыныштандырып, денеңізді емдейді. Сізді ренжіткен адамды кешіру арқылы жаңа күш пен мүмкіндік аласыз. Жаңа қатынас бастауға, сенуге және жақсы көруге үйренесіз. Көрісу күні адамдар бір-бірімен табысып, қол алысады. Ендеше, барлық өкпе-ренішіңізді ұмытып, сізді ренжіткен адамдарды шын көңілмен кешіріп, жаңа жылға жаңа күшпен кіріңіз. Жақындарыңызға, туыстарыңыз бен достарыңызға хабарласып, оларды жақсы көретіндігіңізді айтып, қуантып қойыңыз. Бірлік мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!
Massaget.kz