Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » құрт ауруы дендеп кетпесін десеңіз

құрт ауруы дендеп кетпесін десеңіз

Қазіргі таңда туберкулезбен күресу мәселесі еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы қатарлы бағыттарының бірі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының бір тармағы ана мен бала денсаулығын қорғауға және туберкулездің алдын алуға және төмендетуге арналғаны көңіл қуантады. Ал ана мен бала денсаулығын қорғаудағы негізгі мақсат – дүниеге  дені сау сәби әкелу, оған дұрыс тәрбие беру, баланың еңбекке жарамдылығын сақтау, ұзақ өмір сүруіне сеп болу.
Туберкулез ауруы көбіне кеш анықталатындықтан, әсіресе жүкті және босанған әйелдер үшін аса қауіпті. Өйткені, жүктілік кезіндегі және босанудан кейінгі кезеңде туберкулез ауруына шалдығу жағдайлары жалпы туу жасындағы әйел адамдармен салыстырғанда 1,2-2 есе жоғары. Жүктілік пен босану эндокринді жүйе қызметінің қайта құрылуымен, иммунитеттің өзгерісімен қабаттаса жүреді және туберкулез ауруына қатысты фактор болып табылады.
Туберкулезді дер кезінде анықтау мақсатында елімізде босанған барлық әйелдерге міндетті флюорографиялық тексеріс жасау туралы шешім қабылданған. Сондықтан, осы зерттеуді уақытында, яғни, босанғаннан кейін бір ай ішінде жасау керек.
Туберкулез жүктіліктің кез келген кезеңінде пайда болуы мүмкін.
Өкпе туберкулезі, әсіресе жүктілік барысында немесе босанғаннан кейін алғашқы кезеңдерде ауырған әйел адамдарда ауыр өтеді. Жүктілік барысында 2-3 апта бойы қақырықты жөтел, дене қызуының жоғарылауы, кеуде қуысының ауырсынуы, шамадан тыс тершеңдік, әлсіздік байқалған болса, онда дереу әйелдер кеңесінің акушер-гинеколог дәрігеріне жүгінуі керек. Ол өз кезегінде туберкулездің бар-жоқтығын тексеру мақсатында қақырыққа зерттеу мен рентгенологиялық тексеріс жүргізіп болғаннан кейін, қажет деп тапқан жағдайда науқасты туберкулезге қарсы диспансерге жібереді.
Жүктілік кезінде рентгенологиялық зерттеу ұрықты жау­ып тұру арқылы жүргізіледі.
Көп жағдайларда жүкті әйелдер жоғарыда аталған белгілерді токсикозбен шатастырып алады. Сол себепті, дәрігерге уақытылы қаралып, қажетті тексерулерден өтіп тұру керек.
Туберкулезге шалдыққан әйелдерді жүктілік барысында емдеу үдерістің саябырлауына және босанғаннан кейінгі асқынудың алдын алуға көмектеседі. Туберкулезді емдеуді босанғаннан кейінгі уақытқа қалдыру дұрыс емес. Дәрігер дұрыс тағайындаған ем (туберкулезге қарсы препараттармен) ұрықтың дұрыс өніп-өсуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Туберкулезге шалдыққан ананың денсаулығы ұрықтың ағзасына әсер етпеуі керек. Анасы қарсылық танытпаған жағдайда жаңа туған нәрестелерге перзентханада алғашқы 0-4 күн ішінде БЦЖ вакцинасы жасалады.
Жаңа босанған ана туберкулездің белсенді түрімен
ауыратын болса және оны оқшаулау мүмкін болмаса, сәбиді 3 айдан кем емес мерзімге оқшаулау керек. 3 айдан кейін сәбиге манту сынамасының нәтижесін есепке ала отырып, БЦЖ вакцинасы егіліп, иммунитетін жоғарылату мақсатында анасынан тағы 2 айға оқшаулау керек.

Туберкулез сырқаты нақтамаланған жүкті әйелдер есепке алынып, учаскелік фтизиатрдың және акушер- гинекологтың бақылауында болады.
Г.М.Пирмашова,
«Амбулаториялық емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық ауруханасы»
туберкулезге қарсы бөлімшенің аяжаны.
21 наурыз 2018 ж. 1 123 0