Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол төсіндегі төзімділік

Теміржол төсіндегі төзімділік

Адамның абыройы атақпен емес, атқарған ісімен, елге сіңірген еңбегімен өлшенеді. Көзге бірден байқала бермейтін, бірақ қоғам үшін аса қажет адал еңбегімен елге сыйлы болған азаматтардың бірі – еңбек адамы Мырзабай Өтебаев.
Мырзабай Өтебаев 1960 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дүниеге келген. Ауылда өсіп, еңбекке ерте араласқан ол жастайынан маңдай тердің қадірін түсініп, болашағын адал кәсіппен байланыстыруды мақсат етті. Мектепті тәмамдаған соң Алматы электртехникалық байланыс торабы техникумында «Байланыс» мамандығы бойынша білім алды. Кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеп, еңбек жолын өз мамандығы ­бойынша жалғастырды. Нартай ауылындағы телемұнарада, одан кейін Жаңақорған аудандық байланыс торабында қызмет атқарып, учаске бастығы болды. Кейін Шалқия кентіндегі байланыс учаскесінде бригадир болып еңбек етті.
Ел тарихындағы күрделі кезеңдерге қарамастан, Мырзабай аға еңбекке деген талпынысын жоғалтқан жоқ. 1998 жылы Шиелі ауданына қоныс аударып, бірнеше жылдан кейін жергілікті локомотив депосына жұмысқа орналасты. Осылайша оның өмірінде теміржол саласындағы ұзақ әрі жауапты еңбек кезеңі басталды. Ол мұнда слесарь, нақтырақ айтқанда тежегіш жөндеуші болып, жиырма жылдан астам уақыт табан аудармай еңбек етті.
Теміржолдағы қауіпсіздік – аса жауапты міндет. Локомотивтің тежегіш жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі адам өмірі мен пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бұл жұмыста ұқыптылық, тиянақтылық пен кәсіби шеберлік айрықша маңызды. ­Мырзабай Өтебаев осы жауапкершілікті терең түсініп, өз ісіне адалдықпен қарады. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі арқылы ұжымда абыройға ие болды. Әріптестерімен тіл табысып, жас мамандарға тәжірибесімен бөлісті. Соңғы жылдары КНС – кәріз-сорғы станциясы учаскесінде еңбек етіп келеді. Жаңа салаға бейімделсе де, оның жұмысқа деген көзқарасы өзгерген жоқ. Қай жерде қызмет атқарса да, өз міндетін жауапкершілікпен орындауды басты орынға қояды.
Ұзақ жылдар бойғы табанды еңбегі ескеріліп, Мырзабай Өтебаев Қазақстан темір жолы саласындағы, сондай-ақ аудандық және облыстық деңгейдегі бірқатар марапаттарға ие болды. Дегенмен ол үшін ең үлкен марапат – елдің, әріптестерінің және отбасының ризашылығы. Еңбек жолымен қатар, ­Мырзабай ағаның отбасы да – өмірінің үлкен белесі. Жұбайы Меруерт Қайратқызымен бірге 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларының қызығын көріп, немере сүйіп отырған бақытты ата. Балаларына еңбекқорлықты, адалдықты, үлкенді сыйлауды өз өмірімен көрсете білді. Өйткені әкенің айтқан ақылынан гөрі, жасаған ісі балаға көбірек өнеге болады.
Мырзабай Өтебаевтың өмір жолы – қарапайым еңбектің де үлкен өнеге болатынын көрсететін тағылымды ғұмыр. Байланыс саласынан басталған еңбек жолы теміржол өндірісінде жалғасып, бүгінде жаңа салада өз нәтижесін беріп келеді. Халқымызда «Еңбек түбі – береке» деген сөз бар. Мырзабай ағаның маңдай термен жазылған ғұмыры осы сөздің мәнін айқын аңғартады. Оның өмірі – атақ пен даңққа ұмтылмай-ақ, адал еңбегімен елге сыйлы болуға болатынын дәлелдейтін өмір мектебі.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
06 қазан 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031