Қауіпті жүктің сенімді жүргізушісі
Әр адамның өмір жолы – өзіне ғана тән тағдыр кітабы. Сол кітаптың әр беті еңбекпен, табандылықпен, өмірге деген жауапкершілікпен жазылса, ол жол өзгелерге үлгі болары сөзсіз.1974 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінде дүниеге келген Ғалымжан Балтаевтың өмір жолы да дәл осындай еңбекке толы тағылымды тарих. Балалық шағы ауылдың дархан табиғатымен, еңбекке ерте араласқан күндермен өрілді. 1981 жылы мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған ол 1991 жылы №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдайды.
Мектеп бітіргеннен кейін-ақ өмірдің шынайы сынақтарына қадам басқан жас жігіт еңбек жолын АТП-1 мекемесінде слесарь болып бастайды. Бұл – оның маңдай термен нәпақа табуға, өмірдің жауапкершілігін ерте сезінуге жасаған алғашқы қадамы болатын. Сол жерден азаматтық борышын өтеуге аттанып, 1992 жылы әскер қатарына шақырылады. Екі жыл бойы Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып, 1994 жылы елге оралады.
Уақыт өте өмірдің жаңа белестері басталып, 1997 жылы Гаухар Байжановамен отау құрып, шаңырақ көтереді. 2001 жылы өзі алғаш еңбек жолын бастаған АТП-1 мекемесіне қайта оралып, бұл жолы жүргізуші қызметін атқарады. Темір тұлпарды тізгіндеген ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, сенімге селкеу түсірмей, еңбекке адалдықтың үлгісін көрсетеді.
Ғалымжан Ахметжанұлы 2018 жылдан бастап ТТК мекемесінде жүргізуші болып қызметін жалғастырып келеді. Бүгінде ол – жүк тасымалы көлігімен күкірт қышқылын тасымалдап, аса жауапты әрі қауіпті жұмысты абыроймен атқарып жүрген тәжірибелі маман. Мұндай жұмыс тек кәсіби шеберлікті ғана емес, асқан ұқыптылық пен тәртіпті, батылдық пен жауапкершілікті талап етеді. Ол осы қасиеттердің барлығын бойына сіңіре білген жан.
Жылдар өте келе шыңдалған тәжірибе, табандылық пен еңбекке деген адалдық оны өз ісінің нағыз маманына айналдырды. Оның өмір жолы – қарапайым еңбек адамының қажырлы тірлігінің, ел игілігі үшін атқарылған үнсіз еңбектің жарқын көрінісі.
Жұмыстағы жауапкершілікпен қатар отбасындағы үйлесімділікті қатар ұстай білу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Жары Гаухар Асанқызы екеуі 3 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп, қазіргі таңда ардақты ата-әжеге айналды. Үлгілі отбасының жас ұрпаққа берер өнегесі де мол. Осындай азаматтар – қоғамның нағыз тірегі. Олар даңқ қуаламайды, бірақ күнделікті еңбегімен елдің дамуына үлес қосып келеді.
Г.Әбдіханиқызы








