Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен өрілген 43 жыл

Еңбекпен өрілген 43 жыл

Кейбір адамдардың өмір жолы таңдаған кәсібіне деген адалдығымен, маңдай термен атқарған еңбегімен өлшенеді. Олар өз ісі арқылы ел дамуына үлес қосып, артында өшпес із қалдырады. Осындай азаматтардың бірі – 43 жыл ғұмырын құрылысқа арнаған еңбек ардагері, инженер-құрылысшы Асылхан Асанов.
Құрылысшы мамандығы – үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және кәсіби шеберлікті талап ететін ерекше кәсіп. Себебі бұл салада еңбек еткен жанның қолымен қаланған әрбір нысан уақыт өте келе халық игілігіне қызмет етеді. Сондықтан құрылысшы еңбегі – тек атқарылған жұмыс емес, ел болашағына қосылған үлес.
1959 жылдың 3 қарашасында Шиелі ­ауданы, Телікөл ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз еңбек жолын ерте бастады. 1979 жылы Қызылдихан ауылы, Телікөл совхозында қызметке орналасып, алғашқы жылдары хатшы, завхоз міндеттерін атқарды. Шаруашылықтағы ұйымдастыру жұмыстарын меңгере жүріп, еңбекке деген жауапкершілігі мен іскерлік қабілетін таныта білді.
Кейін құрылысшы мамандығын таңдап, осы бағытта кәсіби жолын жалғастырды. Қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолы жылдар өте келе тәжірибелі маман деңгейіне көтерілді. Әрбір атқарған қызметі оған жаңа тәжірибе, жаңа міндет және үлкен жауапкершілік жүктеді.
2003-2007 жылдары «Күрделі құрылыс» ЖШС мекемесінде прораб, учаске бастығы қызметтерін атқарды. Осы кезеңде құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру, жұмыс барысын үйлестіру, нысандардың сапалы орындалуын бақылау бағытында мол тәжірибе жинақтады.
2007-2010 жылдары «Строй Сервис» ЖШС мекемесінде прораб болып еңбек етіп, құрылыс нысандарындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне атсалысты. Ал 2010-2016 жылдары «Орион» ЖШС мекемесінде учаске бастығы қызметін атқарып, білікті ұйымдастырушы ретінде қалыптасты.
Кейінгі жылдары жинаған тәжірибесін техникалық бақылау бағытына бағыттады. 2017-2018 жылдары «СК Энерго-ойл» ЖШС мекемесінде технадзор қызметін атқарса, 2018-2022 жылдары «СК Ризалит» ЖШС мекемесінде техникалық қадағалау маманы болып еңбек етті.
43 жылдық еңбек жолында кейіпкеріміз құрылыс жұмысының әр кезеңінен өтіп, қарапайым жұмысшыдан бастап, жауапты ұйымдастырушы және тәжірибелі маман деңгейіне дейін көтерілді.
Тәжірибелі маман үшін құрылыс – тек нысан тұрғызу емес, елдің ертеңіне қызмет ету. Себебі әрбір ғимараттың артында үлкен еңбек, нақты жоспар және көптеген мамандардың бірлескен жұмысы тұрады. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқару – кәсіби біліктіліктің белгісі.
Еңбек жылдарында жинақталған тәжірибе мен білікті білім оны әріптестері арасында сыйлы маман ретінде танытты. Бүгінде ол Шиелі ауданындағы ардагер құрылысшылардың ­бастауыш ұйымының мүшесі ретінде салаға өз үлесін қосып, кейінгі буын мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді.
Еңбек ардагерінің өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен жауапкершілік. Отбасында жары екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп келеді. Ұрпағына еңбектің қадірін, адамдықтың қасиетін бойына сіңіріп, өмірлік өнеге көрсетуде.
43 жыл – бір адамның өміріндегі үлкен белес. Бұл уақыт ішінде талай тәжірибе жинақталып, талай еңбек нәтижеге айналды. Құрылысқа арналған осынау кезең – маңдай термен келген жетістіктің, кәсіби шеберліктің және туған жерге қызмет етудің жарқын шежіресі. Осындай мазмұнды еңбек жолы – ел игілігіне қосылған үлестің, өз ісіне деген адалдықтың және кейінгі буынға қалдырған өнегенің айқын көрінісі.

Айнұр ИБРАШЕВА
10 тамыз 2026 ж. 33 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

№58 (9425)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31