Құрыш қолды құрылысшы
Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөз. Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп. Міне, осынау кәсіп арқылы нәсібін тауып, көкпен таласқан ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған жандар аз емес. Солардың қатарында Көрікбай Жүністаевтың есімі ерек.
Ол 1940 жылы 17 қаңтарда Көкжиде елді мекенінде дүниеге келген. Сол елді мекенде 4 жыл орта білім алып, кейін Бидайкөл ауылдық округіндегі мектепке барады. Ес жиғалы етжеңді іспен айналысып, іске икемді өскен Көрікбай Бидайкөл ауылында алуан түрлі жұмыспен айналысады. Тірлігін тиянақты, жұмысын абыройлы атқарып, жас болса да нәпақа тауып, күнкөріс қамын жасайды. Осылайша ол «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілдің түп төркінін ерте ұғынды. Алайда, орта білімнен кейін ол, мамандық алып, студент атануды да естен шығармайды. «Білімдіге дүние жарық» екенін ескеріп, мектепті тәмамдаған соң, 19 жасында тракторшы мамандығына оқуға түседі. Араға бір жыл салғаннан кейін Көрікбай техниканың тілін игеріп, ендігіде трактор тізгіндейді. Үш жылға жуық уақыт Бидайкөл елді мекенінде тракторшы болып еңбек етеді.
Еңбекке бас иіп, қызмет қылып жүрген шақта Көрікбай әскерге шақырту алады. Ол Отан алдындағы борышын басты міндеті санап, ел басына күн туар сәтте бес қаруы сайланып тұрғанын қалады. Парызын өтеу жолында отбасы және жұмысын қиып, 1962 жылы Байқоңыр қаласына аттанады. Сарбаз атанып, сап түзеген Көрікбай әскерде жүріп өзін басқа қырынан таныта бастайды. Нақтырақ айтар болсақ, ол кірпіш қалап, ғимарат салуды әскерде жүріп үйренеді. Осы үйренгені кейінгі өмір жолына да азық болып, өз кәдесіне жаратады. Әскерден қайтқаннан соң Көрікбай өз нәсібін құрылыс саласынан табады. Құрыш қолымен талай ғимараттың негізін салады.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Көрікбай Жүністаев 30 жыл ғұмырын құрылыс саласына арнаған. Оның түрлі марапат биігінен көрініп, көпке сыйлы болуы құрылыс саласындағы жемісті жұмысын айғақтайды. Қазіргі таңда ол «Құрметті құрылысшы» және «Облыстың таңдаулы құрылысшысы». Ол қоғамда ғана емес, отбасында да сыйлы, абыройлы. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты әке. Немере-шөберелерінің қызығына тоймай қызықтап жүрген батагөй ата.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ