Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғыры биік тұлға

Тұғыры биік тұлға

Шиелі өңірі – сары даласын сыр маржанына толтырып қана қоймай, төрт түлігін жайлауға өргізіп, төңірегін төлімен толтыруға атсалысқан аймақтағы бірден-бір аудан. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде елде бейнеттің ізі бетіне жазылған қойшылар көп болды. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, қозы өсірген озар» демекші, бабалар береке тапқан төрт түліктің қасиетін ұғынған жандар да аз емес. Сондай жандардың қатарында Үпілмәлік Мырзахметовтің есімі ерек.
Болмаған балалық шақ
Үпілмәлік Мырзахметов – 1939 жылы Жаңақорған ауданы, қазіргі Бірлік елді мекенінде дүниеге келген. Ол «Бізде балалық шақ болмады» дейді. Себебі, өткен ғасырда туған сәбилер сұм соғыспен ерте танысты. Асыр салып ойнамады. Біздің кейіпкеріміз де сондай. Ол ес жиғалы етжеңді іспен айналысып, ағасына қолқабыс ретінде қой бақты. Тіпті орта білімді мектепке он жасқа таяған шағында қадам басты. Бұл 1949 жылы еді. Алайда, білім ордасы онға келген баланы оқушылар қатарына қабылдауға қорқып, оның жасын едәуір кіші қылып көрсетті. Осылайша 1939 жылы дүниеге келген бала Үпілмәлік 1942 жылғы болып мектеп табалдырығын аттады. Арада аттай он жыл өткен соң, 1959 жылы Бірлік совхозындағы Ынтымақ орта мектебін тәмамдады. Мектеп бітіргеннен кейін комсомолдың жолдамасымен екі жыл қатарынан шопан болып қызмет атқарды. Осы екі жылда мал басын көбейту барысында облыс, аудан көлемінде ең жоғары көрсеткіш көрсетті. Қой бағудың қыр-сырын жастайынан меңгерген Үпілмәлік «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілдің төркінін сол сәтте ұғынды. Одан кейін жауапкершілік, ыждағаттылық қасиеттеріне бұрынғыдан да зор мән бере бастады. Алайда, орта білімнен кейін ол мамандық алып, жоғары оқу орнында студент атануды да естен шығармады. Содан кейін бозбаланың ұшқыр арманы қияға қонып, 1961 жылы совхоз жолдамасымен шырайлы шаһар Алматыға табан тіреді.

«Бөрі арығын білдірмес, итке сыртын қампайтар»
Үпілмәлік Мырзахметов алып қалаға келгеннен кейін, Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Себебі, бұл саланың сырына ол бала кезінен қанық болған. Енді дала төсінде үйренгенін біліммен байланыстырып, тәжірибемен ұштастыруды мақсат етеді. Межелі мақсатының арқасында студент атанады. Оқудың алғашқы жылында ауылдан келген қара домалақ бала орысша сөйлей алмағандықтан, көп қиындық көреді. Сабақ үлгерімі төмендеп кете ме деп үрейленіп, А.Пушкин атындағы кітапханада таным көкжиегін кеңейтеді. Соның арқасында бағасы жақсарып, сынақтардан сүрінбей өтеді. Дегенмен студент Үпілмәлік жалғыз бұл қиындықты бастан кешірген жоқ. Ақшаның жетіспеушілігі мен ас-ауқаттың аздығы жас жігітті аз болса да жүнжітіп жібереді. Оқу орнынан алатын шәкіртақысымен өзін толық қамтамасыз ете алмайды. Ал ауылдағы ағайыннан ақша сұрауға арланады. Сол себептен сабақтан бос уақытында Үпілмәлік жолдастарын жанына ертіп, сенбі, жексенбі күндері қосымша жұмыс істеп, нәпақасын табады. «Бөрі арығын білдірмес, итке сыртын қампайтар» демекші өзінің қиналып жүргенін жан баласына сездірмейді. Жарқыраған жастық шағында топтастарымен тату-тәтті жүріп, бозбала кезін барынша көңілді өткізуге тырысады. Осылай оқу мен жұмысты қатар алып жүргенде көзді ашып жұмғанша екі жыл өте шығады. Ал екі жылдың ішінде ол білім ошағында оқу озаты атанып, беделі биіктей түскен еді.

Абыроймен өтелген борыш
Институт қабырғасында қанатын қомдап, білім нәрімен сусындап жүрген Үпілмәлік әскерге шақырту алады. Ол Отан алдындағы борышын бас­ты міндеті санап, ел басына күн туғанда алдыңғы шептен табылуға қарсылық білдірмейді. Парызын өтеу жолында оқуын қиып, 1963 жылы Қияқтыға аттанады. Онда сержант мектебінен 9 ай тәлім алып, сержант атанады. Әскерге кеше ғана барған жігіт ісіне тиянақты, сөзіне берік, жауапкершілігі жоғары болғандықтан дем арасында командирдің орынбасары болады. Еңбекқор әрі тәртіпке бағынатын адамның қатардағы көптің бірі болып қалмайтыны белгілі. Осылайша Үпілмәлік Мырзахметов әскерде де тұла бойына тұнған қасиеттерімен дараланады. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, көп ұзамай командирдің орынбасары болған ол ротаның старшинасы лауазымын иеленеді. Бұл оған артылған сенімді одан сайын үдете түсті. Бірақ Үпілмәлік жауапты қызметті де абыроймен алып шықты. Ротадағы сарбаздардың жай-күйін түсініп, олардың ас-ауқаты, киім-кешегіне дейін реттеуді өз мойнына алды. Сап түзеген сарбаздарды мейірімділікпен қатар қаталдықпен тәрбиелеуді өзінің ұстанымы етті. Елден жырақ кетіп, шерменде жүрген жас буынға керек кезінде аға, қажет болса әке рөлінде болды. Осы лауазымы кейінгі ғұмырына да азық болып, әскерде бойына дарытқан қасиеттерін қалған өмірде де өз кәдесіне жарата білді. Өзгенің қиналысын сезініп, қуанышына ортақтаса білуі Үпілмәлік Мырзахметовтің келешегінде көп көмегін тигізді. Әскерден борышын абыроймен атқарып, тіпті партияның құрамына кіріп үлгерді. Содан 1966 жылы болат құрыштай бекем, темірдей төзімді болып Алматы қаласына қайта оралды.

Майталман маман
Елге қайтқан Үпілмәлік іле-шала оқуын жалғастыруды қолға алады. Ол жырақта жүріп болысып-толысқан соң бұрынғы қиындықтарды сезінбейді. Орысшасы да әжәптеуір болып, оқуда үздіктердің арасынан орын алады. Сөйтіп, 1969 жылы «Ғалым-зоотехник» мамандығын алып шығады. Сол жылы жолдамамен Сырдария совхозының №2 фермасына зоотехник болып жұмысқа тұрады. Ол жерде де білімі мен біліктігін көрсетіп, ізденіс ізінде жүре сан салалы қызметті атқарады. 1972 жылы сол совхозда бас зоотехник болса, 1977 жылы Еңбекші совхозына директор болып келеді. Бұл жерде бірнеше ілкімді істерді атқарып, халықтың ықыласына бөленеді. Мал басы, мал өнімі артып мал шаруашылығын айтарлықтай дамытады. Көпшіліктің арасында оның іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті туралы әңгіме өрби бастайды. Ферма мен бригада арасында рациямен байланыс жасауды, шопандардың үйін жылумен қамтамасыз етуді қолға алады. Еңбекші совхозының №3 фермасы Қосүйеңкіден бөлімше ашып, ол жердің де самаладай жарқырап тұруына септігін тигізеді. Бұдан бөлек тас жол жүргізіп, мектеп ашуға көп күш жұмсайды. Еңбек ері Ұлбала ­Алтайбаева мен жұбайы Сұлтанхан Төрениязовтар бас болып, таудың арғы бетіндегі Майшы жеріне жеміс ағашын егеді. Осылайша малшылардың беймарал жеміс жеуіне ықпал етеді. Бұдан кейін 1981 жылы Шиелі аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Кейін аудандық партия бөлім меңгерушісі ретінде қызмет атқарады. 1986 жылы Телікөл совхозында да директорлық жолын жалғастырады. Жылжыған жылдардың ішінде қанша қызмет ауыстырса да, жиналған тәжірибесі өзіне пайдасын тигізбей қойған кезі болған емес. Әсіресе, Телікөл совхозына келгенде ауылдың экономикасын ғана емес, мәдениетін де көтеруге кіріседі. Мал азығын дайындау арқылы мал басын, мал өнімін арттыруға болатынын білгендіктен, бұрынғы мал бордақылау орнын күрделі жөндеуден өткізіп, мал азығын заман талабына сай минералды қоспалар арқылы байытып беруді іске асырады. Мал бордақылау алаңына автоматты түрде су баруын ауданда алғашқы болып істейді. Соның нәтижесінде мал өнімі артып өңірдің табысын толымды етеді. Жұмыс барысында тәжірибесі мол еңбек озаттары Ұлбала ­Алтайбаев­а­­­, Жадыра Таспамбетова, Еңбекші совхозының ферма меңгерушісі Байтілес Жүсіпов, Телікөл совхозының ферма меңгерушісі Дана ­Сапаровпен танысып, олардан көп нәрсе үйренеді. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» дегендей өзінің білмегенін сұраудан жалықпай, қарым-қабілетін әрмен қарай шыңдай береді. Қай қызметке барса да қайнаған тірліктің ішінен табылып, білек сыбана қойып кететін белсенділігі Үпілмәлік ­Мырзахметовтің бейғам отыруына жол бермейді. Осындай мінезінің арқасында ол 1990 жылы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болады. Аталған жерде табан аудармастан төрт жыл тер төгіп, зейнетке сол жерден шығады.

Жасында жалықпаған, қартайғанда тарықпаған
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Үпілмәлік Мырзахметов осындай қызмет сатысынан өткен. Оның түрлі марапат биігінен көрініп, көпке сыйлы болуы мамандық майданындағы жемісті жұмысын айғақтайды. Қазіргі таңда ол Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», ҚР кәсіподақтық комитетінің ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарімен марапатталған.
Қоғамда ғана емес, отбасында да абыройлы, сыйлы, қандай құрметке болса да лайық. Өнегелі өмірімен ұл мен қыз тәрбиелеп отырған асқар тау әке, немерелерінің тәттілігіне тоймай жүрген ардақты ата.
Үпілмәлік Мырзахметов өмірде көп жасап қана қоймай, жүріп өткен жолынан талай нәрсе түйе білген. Оның бүгінгі таңға дейін өзінің мәнін жоғалтпаған екі ұстанымы бар. Біріншісі – мейірімділік, екіншісі – адалдық. «Мейірімді болу арқылы адам кез келген жанмен тіл табыса алады. Бұл жақсы жұмыс істеуге көмектеседі. Әлемді мейірімділік құтқарады десек, қате емес шығар» дейді ол. Ал адалдық турасында өкшесін басып өсіп келе жатқан ұрпаққа: «Отанына, отбасына, жұмысына, өз жанына адал бол. Адал болсаң ғана тапқанын табаныңның астында тарыдай шашылып қалмайды» дейді. Қызметті кім істемейді? Елге кімдер тұлға болмаған? Бірақ мейірімділік пен адалдықты ту етіп, айқайламай-ақ жұрт басқарып, елге ұйытқы болған жандардың қатарын толықтырған Үпілмәлік Мырзахметов шын ғибратты ғұмыр иесі.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

20 тамыз 2019 ж. 1 374 0