Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибрат иесі

Ғибрат иесі


Қазақ «мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дейді. Бабаларымыз берекені төрт түліктің осы төлінен тапқандықтан болар, болашақ ұрпағына қой бағуды өсиет еткен. Өсиет еткендігі сондай «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, қозы өсірген озар» деп ерекше баға берген. Қой шаруашылығының бейнеті «бес елі» болса, берекесі де бес батпан. Шиелі өңірі сары даласын сыр маржанына толтырып қана қоймай, төрт түлігін жайлауға өргізіп, төңірегін төлімен толтыруға атсалысқан республикадағы бірден-бір аудан. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында осынау елден жүзін күн қақтап, бейнеттің ізі бетіне жазылған қойшыларымыз да көп болды. Сондай шопанның бірі, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, ақсақал деген атаққа қылаудай кір келтірмей, салиқалы ұл-қыз тәрбиелеп, ел алдында орынды сөз сөйлеп, абырой-беделіне сын келтірмей жүрген Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» – Жұмабек Айтбай.

Жастайынан әкесінің қасында жүріп, қой шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген боз бала Жұмабек ер жетіп, буыны бекіген тұста Ұлы Отан соғысының ардагері абыз Нұртай деген шопаннан 600 бас құнансаулық қабылдап алады. Осы бір сәт кейіпкеріміздің есінде кешегі күндей сақталып қалғанын әңгіме барысында байқадық.
– Сонау 1966 жылдың күз мезгілі болатын. Нәнсай көлінің жағалауындағы Боранбай баздың қырманына Қызылдың құмынан көшіп келген Нұртай шопан сол жерде қойшы, фермерлердің алдында: «Мен қартайдым, мына қойға енді еге бола алмаймын. Рұқсат болса осы құнансаулықты мен Жұмабекке тапсыруды жөн санап отырмын», – деді. Содан барлық малшы келісімін беріп мен Нұрекеңнен 600 бас қойды қабылдап алдым. Қойда кінәрат жоқ. Барлығының дерлік дені сау, еңселі, қызылдың құмында еркін жайылып өскен мал екен. Бір ғана кемшілігі малдың басы кем болды. Сонда әкем марқұм Нұртай ақсақалдан отар қойдың арасынан біреуін таңдап алып, сосын маған батасын беруді өтініп еді, сұрапыл соғысқа бір қолын беріп қайтқан ақсақал жалғыз қолын жайып маған батасын берді. Содан не керек осы абыз Нұртайдан қабылдап алған қой менің басыма бақ болып келді. Кейін қарап отырсам сол уақытта жиырма жетіден енді ғана асқан шағым екен. Жастық жігермен жауапкершілігі зор міндетті мойныма алсам да, еш уақытта жұмысыма атүсті қарамадым. Өйткені әкем бізге темірдей тәртіп пен аманаттың жүгі ауыр екенін, оған асқан жауапкершілікпен қарау керектігін санамызға сіңіріп өсірген еді, – деп еске алады абыз ақсақал.
Кейіпкеріміз Нұртай шопанның қойын қабылдағаннан кейін өз әкесінің де отар қойын қабылдап алады. Содан Телікөл сов­хозы құрылып ондағы екінші фермада қызмет атқарады. Жаңадан совхоз құрылып жатқан уақытта Жұмекең әр 100 саулықтан 152 бас төл алып бастап, кейін аудан шопандарының арасынан үздік атанады. Сол кезеңдегі санақ бойынша Жұмабек Айтбаев 100 саулыққа 170 бас төлден алған екен. Осылайша «Даңқ» орденінің иегері атанып, Қазақстанның құрмет кітабына аты алтын әріппен жазылады. Аталған сандар мен марапаттар қой бағудың, оны төлдетудің қиыншылыған білмеген адам үшін жай ғана цифр болып көрінуі мүмкін. Ал қақаған қыста қар кешіп малдың соңында жүріп, көктемде көк қуған қоймен бірге сақпанның қияметін көрген адамдар бұл еңбекті жақсы біледі. Өйткені бұл көрсеткіштің артында шынтуайтынына келгенде қаншама маңдай тер мен еселі еңбектің жатқаны айқын. Кейіпкеріміз қойдан қол үзгенше үздіктер қатарынан көрініп, ауданның қала берді аймақ, рес­публика экономикасының дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан майталман бақташы. Жалпы, мал баққан адам дала заңымен өмір сүріп, ой-өрісі философиялық тұрғыдан басқаларға қарағанда бөлекше болатыны бар. Жұмабек Айтбаев та қойшының таяғын тастаған уақыттан бастап, қолына қалама алып, өмірлік көрген-түйгенін қағазға түсіріп, газеттің бір бұрышынан өзіндік орын алып, оқырманға орамды ой айтып жүрген жан. «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшілер қатарын толтырып отырған кейіпкеріміз ауданның бас басылымымен түйдей құрдас. Биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Үлкенді құрметтегенің – өзіңе жасаған жақсылығыңның бірі дейді дана халқымыз. Лайым сексенінші көктемін қарсы алып, торқалы тоқсанға бет түзеген асқар тау ақсақалымыз аласармай, қашанда болмыс-бітімі биіктен түспесе екен деген тілек білдіргіміз келеді.


Елдос Жүсіп
02 шілде 2019 ж. 1 141 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031