Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір
Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір. Ежелден қой шаруашылығының берекелі екенін осы мақалдан-ақ аңғаруға болады. Ауданда қой санының аздығын ескерген ол өңірдегі уақ малды көбейту мақсатында 870 бас асыл тұқымды қойды өз қаржысына сатып алып келіпті десе-ді. ести сала Ақмая ауылына аттанып кеттік.
Ақмая ауылының жоңышқалық жайылымынан жайылып жүрген бір отар қойды көріп, көңіліміз марқайып қалды. Жақсы істі ойлағасын, оған амал ету бір бөлек. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, шағын кәсібін ашып, ісін өрге дөңгелетіп жатқан жерлестеріміз аз емес. Сондай жанның бірі – ақмаялық Тасқын Жұмбековты атай аламыз.
1985 жылы ауданымызда мал шаруашылығының ең қарыштап дамыған кезеңі боп есептеледі. Қой-ешкі 205 мың басқа жетсе, қазіргі таңда осы көрсеткіш 92170 басқа төмендеген. Еліміздің дамуы қарқындаған сәтте, жайылымдық жер тарылып, қой шаруашылығы құлдырағаны үлкен мәселе. Біздің бала күнімізде, ауылда әрбір үйде кемінде 40-50 бас қой болатын. Екі тізгін, бір шылбырды қолға алып қой кезек бағуды ұмытқанымыз қашан?! Мемлекет тарапынан субсидия қарастырылғанымен, қызығушылық танытып, қой басын көбейтіп жатқан азаматтарымыз санаулы-ақ. Ал, «Нұрасыл» шаруа қожалығының директоры Тасқын Жұмбеков 16 миллион теңгеден астам қаражатқа 870 бас асыл тұқымды қой алып келген. Қой майда болғанымен, пайдасы едәуір көп. «Кисең киім, жесең тамақ болатын қой шаруашылығының берері көп. Мұндағы бар мақсатым ауыл шаруашылығын дамыту. Қалаға көшуді армандамай, ауылда ата-бабамыздың жолынан жаңылмау керек. Көзін тапқан адамға кәсіп – нәсіп алып келеді», дейді Тасқын Жұмбеков. Мұнымен тоқталмай тағы 80 бас алып 1000 басқа жеткізуді көздеп отыр. Асыл тұқымды қойдың әр басына мемлекет тарапынан субсидия 8 мың көлемінде қарастырылып, 870 басқа 9 млн. теңге көлемде ақша алғанын да жасырмады. Еңбек бәрін жеңбек. Басында қиындықтар туындағанын, кейіннен бәрі қалыпқа келгенін бүге-шүгесіне дейін қалдырмай әңгімелеп берді. Ақмая ауылың тұрғындары бұл іске қуанып, оң көзқарас танытып отыр. Адал еңбекпен айналысқан адам көздеген мақсатына жететіндігінің тағы да бір куәсі болдық.
Бекжан Ержігіт.