Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметке лайық құрылысшылар

Құрметке лайық құрылысшылар




Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөз. Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2003 жылғы жарлығына сәйкес, тамыз айының екінші жексенбісі құрылысшылар күні. Қаулы қабылданып, қол қойған соң айтулы мереке жыл өткен сайын аталып келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Өткен жұмада аудан әкімі «Арман» мәдениет үйінің сахнасында құрылыс саласының майталмандарын марапаттады.
– Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыстың дамуымен байланысты. Осынау айрықша күнді пайдаланып, ауданның өсіп-өркендеуіне, бүгінгідей әсем ғимараттарды салуға ерекше үлес қосқан құрыш қолды құрылысшыларға басымды иіп алғыс айтамын. Ілкімді істердің арқасында ауданның ажары айшықталып келеді. Қалай десек те, ел көзайымына айналған зәулім ғимараттар мен сәулетті кешендердің салынуына құрылысшылардың сіңірген еңбегі зор. Олар білікті, іскер және қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Сондықтан құрылысшылар қашанда құрметке лайық, – деді Әшім Оразбекұлы.
Бұл күні ауданның көркіне көрік қосып, ел ырысын тасытып жүрген қолы алтын құрылысшылар қауымының мерейі биіктеп, абыройы асқақтай түсті. Сала үздіктері сый-құрметке бөленді. Салтанатты шарада аудан әкімінің құрмет грамотасымен «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры Темірхан Әлімқұлов, «Мұрат сервис» ЖШС директоры Бағлан Әшірбеков, «Мөлдір и К» ЖШС директоры Насыр Мырзабеков, Қуандық Әлтаев марапатталды. Сонымен қатар өңір басшысы Сұлтан Қайыров, Сағымбай Қалмағамбетов, Жорабек Мүслімов, Әлібек Садыбеков, Жандос Жолдасұлы, Қанай Жантөреұлы сынды бірқатар қолы алтын құрылысшыларға алғыс хат табыстады.
Марапаттау рәсімінен соң мереке әуелеген әнмен жалғасты. Сахнада аудан өнерпаздары Д.Беркімбаев, Е.Сейілов, М.Дүйсебай, Ұ.Мүсиева, С.Көрегенов өнер көрсетіп, жиналған жұртшылықтың көңілін бір шалқытып тастады. Сондай-ақ Шәмші әндерін орындаған әншілерге де көрермен қол соғып, қошемет көрсетті. Осылайша мәдениет үйіндегі халық құрылысшылар күнін шат-шадыман күйде атап өтті.


Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ

13 тамыз 2019 ж. 2 307 0