Таңдаған жолынан таймаған
Өмірде мамандықты өзі таңдайтын жандар бар, ал енді біреулердің тағдырын мамандықтың өзі айқындайды. Айтжан Түлікбаевтың өмір жолына үңілсеңіз, осы ойдың ақиқатына көз жеткізесіз. Балалық шағынан теміржолдың дүбірін естіп, рельс бойындағы тіршілікті көріп өскен ол саналы ғұмырын осы салаға арнап, адал еңбегімен ел игілігіне қызмет етіп келеді.Айтжан Күндәулетұлы – 1964 жылы Қазалы өңірінде дүниеге келген. Әкесі Күндәулет ұзақ жылдар теміржол саласында белгі беруші болып еңбек етсе, анасы Фатима он перзентті тәрбиелеп өсірген ардақты ана еді. Отбасындағы еңбекқорлық, тәртіп пен жауапкершілік бала Айтжанның бойына ерте сіңіп, болашақ өмірлік ұстанымының негізіне айналды.
Еңбек жолын байланысшы болып бастаған жас жігіт кейін кабельші-дәнекерлеуші мамандығын меңгерді. Азаматтық борышын Мурманск қаласында әскери-теңіз флотында абыроймен өтеп келген соң, жүрек қалауымен теміржол саласына біржола бет бұрды. Қазалыдағы жол-техникалық мектебінде машинист көмекшісі мамандығын игеріп, жолдамамен Шиеліге келеді. Міне, дәл осы кезеңнен бастап оның теміржолдағы ұзақ әрі мазмұнды еңбек жолы басталды. Алғашында машинист көмекшісі ретінде тәжірибе жинақтап, кейін арнайы даярлықтан өтіп, локомотив тізгінін сеніммен қолға алды.
Пойыз жүргізу – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Себебі әр сапар – жүздеген, мыңдаған адамның амандығына жауап беру деген сөз.
– Машинистің бір сәттік қателігі орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрдайым қырағылық пен жауапкершілік бірінші орында тұрады, – дейді Айтжан Күндәулетұлы.
Оның кәсіби қалыптасуына тәжірибелі теміржолшы Құлмахан Әбілдаевтың ықпалы ерекше болды. Ұстазы жас маманға мамандықтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, теміржолшыға тән табандылық пен тәртіптің маңызын да санасына сіңірді.
1987 жылдан бастап Шиелі локомотив депосында еңбек еткен ол кейін №6 кен басқармасының автошаруашылық мекемесінде локомотив машинисі қызметін жалғастырды. Қай ортада жүрсе де кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің құрметіне бөленіп, сенімді де білікті маман ретінде танылды. Жылдар өте өзі де жас мамандарға жол көрсеткен тәлімгерге айналды. Бүгінде оның тәлімін алған шәкірттері түрлі өндіріс орындарында жемісті еңбек етіп жүр. Ұстаз үшін шәкірт жетістігінен асқан марапат жоқ.
– Жинаған тәжірибеңді кейінгі буынға үйрету – әр азаматтың парызы. Шәкірттеріңнің биіктен көрінуі – еңбегіңнің ақталғаны, – дейді ол.
Теміржол мен өндіріс саласындағы отыз бес жылдан астам еңбек жолында Айтжан Күндәулетұлы кәсібилік пен адалдықтың айқын үлгісін көрсетті. Ол үшін еңбек – жай ғана кәсіп емес, өмірлік қағида, азаматтық борыш. Осындай қарапайым әрі еңбекқор азаматтардың маңдай терінің арқасында өндіріс өркендеп, ел экономикасы дамып келеді. Олар көпшіліктің қошеметін күтпейді, марапатқа ұмтылмайды. Бірақ олардың үнсіз еңбегі – қоғамның берік тірегі.
Айтжан Түлікбаевтың ғұмыр жолы – таңдаған кәсібіне деген адалдықтың, табандылықтың және еңбекке деген құрметтің жарқын көрінісі. Рельс бойымен өрілген өмір жолы мағыналы еңбекпен жалғасып, кейінгі буынға өнеге болып келеді. Осындай азаматтардың тағылымды тағдыры – еңбек адамының қадірін айқындайтын өмір мектебі.
М.Кеңесұлы







