Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есіміне сай азамат, Ақжүрек деген ғажап ат

Есіміне сай азамат, Ақжүрек деген ғажап ат


Біз үлкендерді құрметтеу жайлы, олардан үлгі-өнеге алу туралы әңгімені көп естіп өстік. Сондықтан болар, алдымыздан үлкендер шыға келсе, иіліп сәлем береміз, алдынан қия өтпеуге тырысамыз. Мұның барлығы үлкендерден алған тәлім. Бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын білім саласына арнаған жанның бірі – Ақжүрек Ниязханов. Бүгінде ол ел-жұртқа, оның ішінде жастарға үлгі-өнеге боларлықтай ғұмыр кешіп келеді. Ғибратты ғұмырымен мақтанышымызға айналып, аудан халқына белгілі, ардақты азаматтардың қатарында десек жарасады.
Кейіпкеріміз Ақжүрек Ниязхановтың өмір жолы отты жылдарға тұспа-тұс келді. Ол Қызылорда облысы Шиелі ауданында 1941 жылдың 25 сәуірінде өмірге келген. Сондай ақ, 1961 жылы Қазалыдағы 43 орта мектепті аяқтап, 1962 ж Қазалыдағы темір жол учелищесін тәмәмдайды. 1962-1965 жылдар аралығында әскери борышын өтеп келгеннен кейін бұрынғы Жеміс-Жидек совхозында қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарады. 1968 ж Шымкент қаласындағы №38 кәсіби техникалық учелищесін бітіргеннен кейін 1969 жылы Жеміс-Жидек совхозындағы 181 орта мектепке жұмысқа орналасады. Ақжүрек Ниязханов осы уақыт ішінде адалдығымен, жігерлілігімен, жауапкершілігімен, тыңғылықты ісімен көзге түсіп таңның атысы, күннің батысы бел жазбай еңбек етеді. 1972 ж Фрунзе қаласындағы алғашқы даярлық курсынан өтіп келіп, аталған орта мектепте алғашқы әскери дайындықтан сабақ бере бастайды. Кадрдың жетіспеуіне байланысты Шиелі ауданының кез-келген мектептерінде сабақ өткізуге жіберіліп отырады. Сол жылдары тәрбиеленушілері әскери жаттығулар мен спорттық жарыстардан жүлделі орындарға ие бола бастады.
Бұрынғы он бес Республика бойынша әскери борышын өтеп жүрген шәкірттерінің командирлерінен көптеген хаттар келді. Сол хаттардың бірінде «Құрметті Ниязханов Ақжүрек! Сізге шәкіртіңіз Б.Махамбетов әскери міндетін өтеп жүрген рота командирінің саяси орынбасары, лейтенант Сергей Анатольевич Бережный былай деп хат жолдайды. Мен сізбен қуана кездесіп, әңгімелескен болар едім, бірақ арамыз алыс болған соң осы хатты жолдап отырмын. Мен Батырханды 1984 жылдың тамыз айынан бері танимын. Бүгінде Батырхан бөлім командирі, үлгілі маман. Талай рет командованиеден мақтау алды. Батырхан секілді партиямызға адал қызмет көрсетіп, қызметіне шын берілген азамат тәрбиелеп шығарған сіздерге көп рахмет!» делінген.
Осылайша алтын ұядағы талай шәкірттердің бойына патриоттық тәрбиені қалыптастырып, отанына адал қызмет ететін тұлға қылып шығарды. Қазіргі таңда шәкірттерінің көбі әскери қызмет атқарады. Солардың бірі Зермұхаммедов, Шиелі АПБ-ның орынбасары қызметін атқарса, Қ.Сапаралиев Шиелі военкаматының бастығы қызметін атқарып зейнеткерлікке шыққан.
Ақжүрек Ниязханов қашан да адал болуға, ғайбат сөз айтпауға, айналасына тек қана жақсылық жасауға асық болды. Өзінен өрбіген ұрпақтарын саналы азамат етіп тәрбиеледі. Қиын жылдардың жетегінде жүрсе де шәкірттеріне білім берсем деген құштарлығын жоғалтпады. Қолы қалт етсе оқып, білімін жетілдіруге тырысты. Білмеген нәрсесін білуге талпынды. Жұмысқа деген жауапкершілік оны жоғары лауазымға, қызметтерге жетеледі. Өзінен дәріс алған оқушылары оның сабақ берудегі өзіндік жолын ерекше атап өтеді. Арада қанша уақыт өтсе де, бір кезде өзі оқытқан оқушыларының аты-жөнін ұмытпай, жатқа айтып отыратын. Халықтың білімін көтеру жолында Ақжүрек Ниязханов аянбай еңбек етті. Берекелі шаңырақтың тірегі Ақжүрек пен зайыбы Зейнеш екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан 20 немере 30 шөбере сүйіп отыр. Балалары ел қатарлы оқып, білім алды. Немерелері де ер жетіп, ата өсиетімен ер жетіп келеді. Елдің ардақтысы, ауданның абыз ақсақалы, бүтіндей бір әулетіміздің ақылшысы 80 жасқа толған ақсақалға зор денсаулық пен ұзақ өмір тілейміз!

Сымбат Сұлтан

18 мамыр 2021 ж. 675 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930