ЕРЛІККЕ БАЛАР ЕҢБЕГІ БАР
Сөзі мірдің оғындай, ақылы терең, жүрегі кең қариялар қашанда елдің тыныштығын, ел ішіндегі татулықты сақтай білген. қарты бар ауылдың берекесі, бірлігі бар. Себебі елдің ниеті, сөзі, ойы бір болу үшін, елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар дәйім керек. Сондықтан үлкенді сыйлап, сөзіне еру елді алауыздықтан сақтап, тыныштық орнауына сеп болады.
Кез келген ұрпақ өткеніне құрметпен қарап, өз дәуірінің перзенттерін тарих таразысынан зерделеп, әділ бағасын береді. Шиелі өңірінің де ел сыйлаған ерлері көптеп саналады. Солардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын туған еліне адал қызмет етуге арнаған асыл азамат – Берікқара Әбдіжапбарұлының есімін ерекше атаған жөн.
Кез келген ұрпақ өткеніне құрметпен қарап, өз дәуірінің перзенттерін тарих таразысынан зерделеп, әділ бағасын береді. Шиелі өңірінің де ел сыйлаған ерлері көптеп саналады. Солардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын туған еліне адал қызмет етуге арнаған асыл азамат – Берікқара Әбдіжапбарұлының есімін ерекше атаған жөн.
Ол – 1937 жылы 12 сәуірде «Еңбекші» колхозында дүниеге келген. 1956 жылы Шиелі ауданы орталығындағы «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы мектепті бітіргеннен кейін, комсомолдық жолдамамен «Коммунизм» колхозында күрішші болған. Кейіннен «Бәйгеқұм кәсіптік техникалық училищесінің» комбайнер-тракторшы мамандығын бітіріп шықты. Қолына дипломын алған жас маман 1960 жылдан бастап комплексті күріш звеносын басқарды. 1966 жылы Қазақстан комсомолдары съезіне делегат, пленум мүшесі болып сайланды. «Жақаевшылар қозғалысына» қатысып, Ы.Жақаевтың қолынан «Еңбек атестатын» алған Берікқара Әбдіжапбарұлы «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен марапатталып, бірнеше рет ауылдық кеңес депутаты болды.
Арада бірнеше жыл өткен соң Алматы ауыл шаруашылығы институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріп, 1970-1977 жылдар аралығында сол «Коммунизм», «Ленин» атындағы колхоздарда агроном, бас агроном болып қызмет атқарады.
«Еңбек адамды ер атандырады» деген емес пе, 1987-1997 жылдары кәсіподақ, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне арнаған азамат құрметті демалысқа шыққаннан бастап 20 жылдан аса уақыт бойы Еңбекші ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келеді.
Осы жылдар ішінде адал бейнетінің арқасында көптеген марапаттарға ие болды. 2017 жылы ауылда қоғамдық бірлікті сақтағаны үшін «Ардақты ауыл ағасы» номинациясымен марапатталды. Бір жылдан соң аудан әкімдігінің татулыққа, ауызбіршілікке шақыру және рухани құндылықтарымызды насихаттауға ұйытқы бола білгені үшін «Ардагерлер кеңесінің үздік төрағасы» номинациясын алып, дипломмен марапатталды.
Оның отбасы «Мерейлі отбасы» аудандық, облыстық байқауларының жеңімпазы. Жұптары жарасымдылықпен жазылмай келе жатқан Берікқара ақсақал мен Рахия апаның шаңырағында үнемі шаттық есіп тұрады. Аққудай жарасқан жұп 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде солардан 12 шөбере сүйіп отырған ардақты ата-әже.
Б.Әбдіжапбарұлы шеберлігі әбден шыңдалған маман, өз ісін өте жетік меңгерген және барлық жұмысын жауапкершілікпен атқаратын абыройлы адам болды. Ол бүкіл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған, өз ұлтын жанындай сүйген қазақтың бірегей азаматы.
Әр адамға оңай көне қоймайтын адамгершіліктің биік белесіне шығудың өзі – зор абырой. Бірақ бұндай бақты әркімге жазбаған. Ал, ерен еңбегімен елге сыйлы, өзінің өнегесімен көпке үлгі бола білген Берікқара Әбдіжапбарұлының ғұмыр жолы осындай ізгіліктің нұрына шомып тұрғанын байқайсыз.
Гүлхан ЯХИЯ