Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті маман мерейі

Білікті маман мерейі

Әрбір азаматтың бойында өзі туып өскен өңірге деген перзенттік парызы болады. Ал оны өмірінің соңына дейін орындау екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Халқыңа адал қызмет ету үшін қай салада жұмыс істейтінің маңызды емес. Мақсатпен, ізденіспен еңбек етсең, ел өзі ризашылығын білдіріп жатады екен. Біз бұған 45 жыл саналы ғұмырын құрылыс саласына арнап, ауданның көркейіп-гүлденуіне, әлеуетінің артуына айтарлықтай үлес қосқан Сейіткамал Дәуітбаевтың өмір жолымен танысу барысында көз жеткіздік.
Құрылыс – экономиканың негізгі діңгегі саналады. Кейінгі жылдары республика бойынша құрылыс саласы қарқынды дамуда. Осы салада еңбек ететін құрыш қолды құрылысшылар мен мамандар өзгелерге үлгі-өнеге болып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай үлес қосуда. Солардың қатарындағы жоғары білімді инженер құрылысшы Сейіткамал Дәуітбаевты ­аудан халқы білікті, іскер маман ретінде құрмет тұтады. Ол 1950 жылдың ­наурыз айында Шиелі кентінде дүниеге келген. 1957 жылы Октябрьдың 14 жылдығы мектебінде білім алып жүрген оқушы кезінен алдына үлкен мақсат қоя білді. Бала кезінен ұсталыққа ебі басым кейіпкеріміз білім ошағын аяқтап, 1967 жылы Қызылорда гидро-техникумына оқуға түседі. Ілім алуда ізденімпаздығымен қатарластарынан көш ілгері жүрген жас талапкер мұнда да іс-тәжірибеден өту барысында өзінің құрылысқа қабілеті екенін дәлелдейді. Жоғары оқу орнының құрылыс факультетін 1970 жылы жақсы көрсеткішпен тәмамдаған бойда елге келіп еңбек етуге кірісті.
Жас маман алдымен еңбек жолын сол тұстағы «ПМК – 31» құрылыс мекемесінде «Инженер-геодезист» болып бастады. Яғни, аудандағы Төңкеріс, Бидайкөл, Ақмая, Еңбекші басқа да шаруашылықтарының жерін арнайы құрал «невилер» арқылы тегістеген. Мұнан соң 1971-1979 жылдары шебер, 1979-1992 жылдары жоспарлау бөлімінде аға-инженер секілді ­жауапты қызметті атқарды. Сонымен қатар 1992 жылы Аралдың Бөген елді мекенінде су қоймасын соғады. Кейіннен 1993 жылы Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылын толық сумен қамтамасыз етуге атсалысқан. 1994 жылы «ПМК – 31» құрылыс мекемесінде бас есепші қызметін де атқарады. Ертелі-кеш ғимарат нысанының басынан табылып, қатардағы қарапайым жұмысшы ретінде өзін жақсы жағынан көрсете біледі. Кейіпкеріміз Сейіткамал аға өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, абыройға бөленді. Оның көптеген құрылыс саласында қолтаңбасы қалды.
Аяулы жары Ұлболған Мамытова екеуі өмірге 2 ұл, 1 қыз алып келді. Олардан 5 немере сүйіп отыр. Қазіргі таңда ұл-қыздары әр салада елді өркендету жолында еңбек етуде. Жас өренге үлгі өнеге көрсете білген Сейіткамал аға кәсіби құрылысшы ғана емес, адамдық һәм адалдық қасиетімен танылған ардақты қария.

Ш.Тілеубаев
31 қазан 2022 ж. 317 0