Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрыш қолды құрылысшы

Құрыш қолды құрылысшы


Құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы терең. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған. Дегенмен, терең білім мен білгірлікті, жанкештілік пен жігерлікті бойына сіңіріп, құрылыс саласында қажырлы еңбек еткен жанның бірі – Қуандық Әлтай.
Ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, жарқылдаған алмас па?» деген өлең жолдарын оқығанда ойыма Қуандық Әлтай секілді шын мәнінде алмастай жарқылдаған азаматтар оралады. Бүгінгі кейіпкеріміз әрбір нысанға жанашырлықпен қарап, мамандығының қыр-сырын өзінің бес саусағындай меңгерген. Өз өмірін көптеген құрылыстың сапалы әрі уақытында салынуына арнаған Қуандық Әлтай 1943 жылы Шиелі ауданындағы Төңкеріс ауылында Әлтай қарияның отбасында дүниеге келді. Әкесі қарапайым майдангер болған. Кейіпкеріміз бос уақытта өзге балалар шыбықты ат қылып, қуалап ойнаған сәтте, ол құмнан жолдар мен үйлер салатын болған. Қаршадайынан үйдің айналасындағы кішігірім құрылысты бұзып, қайта тұрғызып, өз қолымен құйған кірпішпен қора-қопсыны соғатын Қуандық ағаның құрылысшы мамандығын таңдағанына еш өкінбеді.
Аудан орталығындағы М.В.Ломоносов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық астық тарату базасында жұмысшы болып еңбек етті. Содан 1963-1966 жылдары Қызылорда гидромелиоративтік техникумының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» факультетінде «Құрылысшы» мамандығы бойынша білім алды. Білікті ұстаздардан құрылыс жұмыстарының қыр-сырын үйренді. Мол тәжірибе жинақтады. Бос уақытында еңбекке араласып, аталған техникумды 1966 жылы үздік бітіріп шықты. Мұнан кейін ол Отан алдындағы азаматтық міндетін орындау мақсатында әскерге аттанды. Әскери парызын 1966-1967 жылдары Кеңес Армиясы қатарында өтеді. Армиядан келген соң, аудандық су шаруашылығы басқарамасында аға техник, кейін құрылыс-жөндеу бөлімінде инженер қызметін 1978 жылға дейін атқарды. 1978 жылы Шымкент қаласындағы Химия-технологиялық институтының құрылыс факультетін бітіріп инженер-құрылысшы мамандығын алып шыққан түлек еңбек жолын 1979 жылы аудандық атқару комитетінен бастайды. Ол жұмысты табан аудармастан 2002 жылға дейін атқарады. 2002-2007 жылдар аралығында аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналды шаруашылығының бас маманы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Шиелі кентінің және ауданның, барлық елді мекеннің бас жоспарларын әзірлеуге тікелей араласып, олардың сапалы орындалуын қадағалап отырды.
Осылайша институт табалдырығында үйренген теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асырып, өзі де білмеген тұстарын үйренген ол құрылыс машақаты деген әуелгі махаббатынан айырылмады. Керісінше қайнауда шыныққан болаттай беки түскен ол қызметте өсіп, кәсібінің нәсібін көріп, ата-ана үмітін ақтай білді, жар сеніміне селкеу түсірмеді. Өзі таңдаған мамандығының қыры мен сырын меңгерген Қуандық ақсақал халыққа сапалы да әсем құрылыс салуға барын салды.
Осылайша, сәулетші ретінде ауданда құрылыс жұмыстарының дамуына елеулі үлес қосты. «Тұрғын үй-91» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып, аудан көлемінде құрылыс салатын тұрғын үй, әлеуметтік, мәдени тұрмыстық, өндірістік, ауыл шаруашылығы ғимараттарына бас жоспарларға сәйкес жер телімдерін белгілеп, құжаттар жасап, жобалау институттарына жіберіп отырды.
Сонымен қатар, Шиелі кентінде салынған көптеген тұрғын үйлер мен мектептердің, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш, орталық алаң, орталық стадион, орталық базар, мәдени және демалыс паркі, М.Шоқай ескерткіші, Оқшы Ата мешіт, орталық алаңның екі жағындағы қақпалар «арка», кенттегі орталық алаңның жанындағы ауданның даңқты азаматтарының суреттері орналасқан аллеясын соғуда тікелей басшылық жасап, бір ай ішінде бітіріп, жеңіс күнінде ашылуына мүмкіндік жасады.
Алла Тағала берген жарты ғасырға тең уақытын құрылысқа арнап, әсем ғимараттардың тұрғызылуына күш салды. Елу жылдың ішінде Қуандық ағаның жетекшілігімен 100-ге тарта ірі нысан салыныпты.
– Құрылыс – нағыз еркектердің жұмысы дер едім. Бұл жерде батылдықпен қатар сақтық аса маңызды. Оған қоса құрылыс жұмысы өте ауыр. Құрылыс саласы қателікті кешірмейді. Өз өміріңе өзің алаңдаушылық танытып, қауіпсіздік ережесін ұстанбасаң болмайды. Жұмыстың көзін білетіндіктен жігіттерге бағыт-бағдар беріп, жастардың бірнеше буынына тәлімгерлік жасап, олардың білікті маман, қолы епті шебер болып қалыптасуына ықпал жасадым, құрылыстың сапалы жүруіне атсалыстым. Түптеп келгенде, бұл еңбегім туған жерді түлетуге бағытталған игі қадамдар десем болады. Мен әркез еңбектен, білгенімді үйретуден жалықпаймын, – дейді ол .
Білгір құрылысышының қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. Бірнеше мәрте облыс әкімінің алғыс хатын иеленіп, Қазақ ССР Халықтық бақылау комитетінің «Құрмет» грамотасы берілді. Атап айтар болсақ, 1988 жылы ұзақ жылдар жұмыс жасаған еңбегін ескере келіп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президумының атынан «Еңбек ардагері» және «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қызылорда облысының құрылыс саласының құрылғанына 75 жыл» алғыс хатымен марапатталады. 2010 жылдан бастап, Шиелі ауданының ардагер құрылысшыларының бастауыш ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Еңбекте абырой тұғырынан көріне білген байырғы құрылысшы отбасында адал жар, ардақты әке. Саналы ұрпақ өрбітіп, немере-шөберелерінің қызығына тоймай, қызықтап жүрген батагөй ата.
Міне, бүгінде аудан мен қалаларда көптеген зәулім ғимараттар бой көтеріп келеді. Осынау айтулы күні ауданның өсіп-өркендеуіне, бүгінгідей әсем ғимараттарды салуға айрықша үлес қосқан, құрылыс саласының майталман ардагерлері Омархан Кемелов, Тұрғанбай Әбілдаев, Қуандық Әлтаев, Дүйсебай Нәбишев, Аман Сандыбаев, Ерназар Абдуллаев, Ораз Әбдіқалықов, Насырбек Мырзабеков, Үсен Күздеубаев, Фаина Матушкина, Зәуре Асылбекова, Зара Асабаевалардың еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Шапағат Тілеубаев
13 тамыз 2021 ж. 677 0