Бейбітшілік – ел бақыты
Бейбітшілік пен тыныштық – адамзат үшін қашанда ең қымбат құндылықтардың бірі. Ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сақталуы әр азаматтың жауапкершілігі мен өзара түсіністігінен басталады.Осы мақсатта жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, бейбітшілік пен татулықтың маңызын түсіндіру бағытында «Біз тыныштықты қалаймыз!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Руханият орталығында өткен шара барысында қатысушыларға бейбіт өмірдің қадірі, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Кездесу алдымен «Бейбітшілік – ел бақыты» тақырыбындағы бейнероликпен басталып, онда тыныштық пен келісімнің адам өміріндегі маңызы көрсетілді.
Шарада терроризм мен экстремизмнің алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтаудың, күмәнді жағдайларға бейжай қарамаудың және кез келген қауіптің алдын алуда азаматтық қырағылықтың маңызы зор екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында сөз алған полиция бөлімінің зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Жаннұр Сейтжан қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының міндеттерімен қатар, әр азаматтың жауапкершілігіне тоқталды. Ал ауданның бас имамы Рахат Серікбайұлы өз сөзінде бейбітшілік пен татулықтың адам өміріндегі орны туралы сөз қозғап, жастарды бірлікке, өзара сыйластыққа және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Кездесуде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айтылды. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру үшін заңға құрметпен қарау, сапалы білім алу, дұрыс тәрбие, өзара түсіністік пен азаматтық жауапкершіліктің маңызы зор.
Жастарға бағытталған мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жас буынға қауіпсіздік талаптарын түсіндірумен қатар, олардың бойында отансүйгіштік, бейбітшілікке құрмет, достық пен келісім құндылықтарын қалыптастыру.
Қазақ халқы ежелден ынтымақ пен бірлікті елдіктің басты негізі санаған. Бүгінде бейбіт елде өмір сүріп отырған ұрпақ үшін ең үлкен міндеттердің бірі – осы тыныштықтың қадірін білу және оны келер ұрпаққа аман жеткізу.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ








