Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақты парасыз құрамыз: жастардың жаңа таңдауы

Болашақты парасыз құрамыз: жастардың жаңа таңдауы

Қазіргі қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру. Жемқорлық – мемлекеттің дамуына, экономиканың тұрақтылығына ғана емес, қоғамдағы әділдік пен сенім қағидаларына да кері әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Сондықтан онымен күресу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Бүгінде қоғамның өзгеруі ең алдымен азаматтардың санасы мен ұстанымынан басталады. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеу – жемқорлықтың алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің дамуына ықпал ететін тұлға. Оның өмірлік ұстанымы мен азаматтық көзқарасы қоғамның болашағын айқындайды.
Осы мақсатта 17 шілде күні «Руханият» орталығында «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын нығайту және қоғамдағы адалдық қағидаларын насихаттау.
Кездесу барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қысқаметражды бейнеролик көрсетіліп, бұл мәселенің қоғам үшін маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Бейнеролик арқылы жемқорлықтың салдары мен оның ел дамуына тигізетін кері ықпалы көрсетілді.
Іс-шараны жүргізуші ашып, сыбайлас жемқорлықпен күресте әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар жастардың бойында адалдық, жауапкершілік, әділдік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – әділетті қоғам құрудың басты шарттарының бірі екенін жеткізді.
Дөңгелек үстел барысында алғашқы сөз кезегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Инаятханұлына берілді. Ол «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» тақырыбында баяндама жасап, жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін зияны туралы айтты.
Баяндамашы өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік басқару жүйесіне, экономикаға және азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер ететінін сөз етті. Сондай-ақ бұл мәселені шешуде тек заң талаптарын күшейту жеткіліксіз екенін, ең бастысы – қоғам мүшелерінің санасында адалдық пен жауапкершілік қағидаларын қалыптастыру қажеттігін түсіндірді.
Келесі сөз кезегінде Шиелі аудандық кітапхана бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Ғанибекқызы сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы жастардың рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтіп, заңды білу және оны құрметтеу әр азаматтың міндеті екенін айтты. Сонымен қатар жастарды адал еңбек етуге, әділдік қағидаларын ұстануға және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге шақырды. Өз ой-пікірін ортаға сала отырып, жемқорлыққа қарсы күрес тек арнайы мекемелердің жұмысы емес, әр адамның күнделікті өмірдегі таңдауы мен ұстанымынан басталатынын атап өтті. Себебі қоғамдағы үлкен өзгерістер әр азаматтың кішкентай болса да дұрыс шешім қабылдауынан қалыптасады.
Шара барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері, оның қоғамға тигізетін зияны, жастардың бұл бағыттағы жауапкершілігі және құқықтық мәдениетті арттыру жолдары туралы пікір алмасты. Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар жемқорлықсыз қоғам қалыптастыру үшін жастардың белсенді азаматтық ұстанымы қажет екенін жеткізді.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды тетігі. Өз құқығы мен міндетін білетін жас заңсыз әрекеттерге қарсы тұра алады, әділетсіздікке бейжай қарамайды және қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінеді.
Болашақты парасыз құру – тек ұран емес, әр азаматтың күнделікті өмірдегі таңдауы. Адалдықты өмірлік қағида еткен, заңды құрметтейтін және қоғам мүддесін жоғары қоятын ұрпақ қана әділетті мемлекеттің негізін қалыптастырады.
«Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты дөңгелек үстел осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін күшейтіп, қоғамдағы оң өзгерістерге бастайды.
Жастардың таңдауы – елдің таңдауы. Ал таза қоғам құру жолындағы ең басты құндылық – адалдық. Болашақты парасыз құрамыз десек, өзгерісті өзімізден бастауымыз қажет.

Айнұр ИБРАШЕВА
21 шілде 2026 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031