Параға қарсы пәрменді күрес тоқтамайды
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына тұсау болатын, қоғамның тамырына жайылған қауіпті дерт. Ол әділдік пен заң үстемдігін әлсіретіп, халықтың мемлекетке деген сенімін төмендетеді. Сондықтан бұл құбылысқа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан түрлі заң қабылданып, арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, жемқорлық тек заңмен ғана жойылмайды. Ол – сана мен мәдениетке байланысты мәселе. Егер адам бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттер қалыптасса, қоғамда жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Сыбайлас жемқорлық көбіне пара беру мен пара алудан, қызметтік өкілеттікті теріс пайдаланудан көрініс табады. Мұндай әрекеттердің салдары ауыр: экономика әлсірейді, әлеуметтік теңсіздік артады, талантты әрі еңбекқор азаматтардың жолы бөгеледі. Нәтижесінде елдің болашағына қауіп төнеді.
Жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы – ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің цифрландырылуы, халықпен кері байланыстың күшеюі, қоғамдық бақылаудың артуы – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Сонымен қатар жас ұрпаққа адалдық пен парасаттылықты дәріптеу – ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізетін басты фактор.
Қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру аса маңызды. Яғни, кез келген заңсыз әрекетке көз жұма қарамау, оған қарсы тұру – әр азаматтың азаматтық борышы. Әрбір адам өзінен бастап, адал өмір сүруге ұмтылса, қоғамда оң өзгерістер болары сөзсіз.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – үздіксіз жүргізілетін күрделі процесс. Бұл жолда мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Адалдықты ту еткен елдің болашағы – жарқын.
Д.Бекмағанбетов,
Шиелі аудандық мемлекеттік қазынашылық басқарма
басшысының орынбасары
Шиелі аудандық мемлекеттік қазынашылық басқарма
басшысының орынбасары






