Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі ауданында РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаевтың қатысуымен ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті

Шиелі ауданында РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаевтың қатысуымен ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті

2025 жылғы 15-16 қыркүйек күндері Шиелі ауданында «Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы аясында бірнеше маңызды кездесу өтті. Іс-шаралар «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Аталған жобаның мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, радикалды көзқарастардың алдын алу және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау. Осы мақсатта Шиелі ауданына арнайы шақырылған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, танымал теолог, исламтанушы Арман Баймаханұлы Қуанышбаев қатысып, бірнеше аудиториямен кездесу өткізді.
Шаралар «Шәйзінда» мешітіндегі бесін уағызынан басталды. Онда мешіт жамағатымен кездесу өтіп, дәстүрлі діни ұстаным, рухани тәрбие және қоғамдағы тұрақтылықтың маңызы жайында уағыз-насихат жүргізілді.
Сондай-ақ Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасында медицина қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, дін мен адамгершілік, отбасы құндылығы, діни экстремизмнің алдын алу секілді тақырыптар қозғалды.
Жастармен өткен келесі кездесу Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында өтті. Ашық форматтағы сұхбатта жас буын өкілдері дін, ақпараттық қауіпсіздік және рухани иммунитет тақырыптарында сұрақтарын қойып, білікті теологтан нақты әрі негізделген жауаптар алды.
Шиелі аудандық Арман мәдениет үйінде өткен кездесуге білім беру саласының өкілдері – мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, дінтану пәнінің мұғалімдері, дін қызметкерлері және АТТ мүшелері қатысты. Жиында білім мен тәрбие үдерісінде діни сауаттылықтың орны, жасөспірімдермен жұмыс тәсілдері және деструктивті ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесулер легі Шиелі аудандық Орталық мешітіндегі құптан уағызымен аяқталды. Арман Қуанышбаев жамағатпен тағы бір мәрте жүздесіп, діннің адам өміріндегі рөлі, қоғамдағы бейбітшілік пен бірлік мәселелеріне тоқталды.
Өткен екі күндік ақпараттық шаралар аудан тұрғындарына үлкен рухани серпіліс беріп, қоғамда діни тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
23 қыркүйек 2025 ж. 43 0