ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ДІНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің 2025 жылға арналған «Облыс тұрғындары арасында дін қызметкерлерінің қатысуымен діни-ағартушылық жұмыстарын жүргізу» әлеуметтік жобасы аясында “Асыл Мұра-Орда” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2025 жылғы 3-4 қыркүйек күндері аудан көлемінде түрлі сала өкілдерімен басқосулар ұйымдастырылды.
Іс-шараларға Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Нұралы Бақытұлы қатысып, дәстүрлі діннің құндылықтары, қоғамдағы бірлік пен рухани тәрбиенің маңызы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Атап айтқанда, аудандық жастар ресурстық орталығында пробация есебіндегі азаматтармен, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде студенттермен, орталық мешіт пен Хазіреті «Мұхаммед (с.а.у.)» мешітінде жамағатпен, полиция бөлімінде тәртіп сақшыларымен, “Руханият” орталығында спорт жаттықтырушылары мен мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ аудандық орталық мешітте дін қызметкерлеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды.
Әрбір жиында дәстүрлі діннің құндылықтары мен қоғамдағы орны, жастарды теріс ағымдардан сақтандыру, құқықбұзушылық пен діни радикализмнің алдын алу, діни тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің ел бірлігіндегі маңызы кеңінен түсіндірілді.
Шараларға аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы да қатысып, жиналғандар алдында сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын насихаттау, рухани тәрбие және қоғамдық тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды.
Бұл игі бастама аудан тұрғындарының діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты нығайтуға зор үлес қосуда.