Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛІМІЗГЕ ЕРКІНДІК СЫЙЛАҒАН КҮН

ЕЛІМІЗГЕ ЕРКІНДІК СЫЙЛАҒАН КҮН

Кеше аудан әкімінің баспасөз орталығында ­аудан әкімінің орынбасары ­Алмат Әбдуәзизұлы 25 қазан – Республика күні аясында аудан көлемінде өткізілетін іс-шаралар туралы жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке.
Сала басшысының айтуынша, Республика күнінің шараларын ауданның 95 жылдық мерейтойы және «Алтын күз» мерекелерімен сабақтастырып өткізу жоспарланды. Арнайы кешенді іс-шаралар жос­пары бекітілді. Мереке қарсаңында кент және ауылдық округ аймақтарында ақпараттық-насихат шаралары ұйымдастырылып, елді-мекендердегі, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар орналасқан ғимараттарға тақырыптық безендіру жұмыстары жүргізілді.
Осы жылдың 19 қазан күні №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясында Шиелі ауданы қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында, «Жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әйелдер арасында салауатты өмір салты негіздерін жетілдіру, белсенді өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортты насихаттау мақсатында спорттық жарыс өтті. №252 Г.Н.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясында Республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясында этнос оқушылары арасында «Менің Отаным – менің мақтанышым» атты қазақтың ақиық, лирик ақындарының жазған патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ 20 қазан күні «Арман» мәдениет үйінде ҚР ҰҚК шекара қызметкерлерін марапаттау мақсатында мәдени шара, аудан тұрғындары арасында «Шиелі марафон – 2023» марафоны өтті.
Барлық білім беру ұйымдарында 20-26 қазан күндері аралығында «Қазақстан – Республикам менің!», «Отаным – бақыт ордасы», «Тәуелсіз елім – тірегім, самғауыңды тіледім!» атты патриоттық шаралар өткізілуде.
22 қазан күні «Менің Қазақстаным!» атты Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт және сала үздіктерін марапаттау шарасы ұйымдастырылды.
23 қазан күні №244 орта мектебінде Қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен ауған,тәжік-ауған соғысы және желтоқсан оқиғасына қатысушыларымен «Егемендігім – елдігімнің белгісі» атты кездесу өтті.
24 қазан кітапханашылар күніне орай Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Киелі мекен, Шиелі екен» атты салтанатты мерекелік шара өтті.
24 қазан күні «Арман» мәдениет үйінде «Егеменді Тәуелсіз Қазақстан» атты салтанатты мерекелік шара және №127 мектеп-лицейінде «Рәміздер – елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» атты семинар, Жастар ресурстық орталығында Батыр ана, Күміс алқа иелерімен жас аналар арасында кездесу кештері өтті. 26 қазан күні Республика күніне орай аудандық перзентханада жас аналарды құттықтау шарасы өтеді.
Сондай-ақ А.Алдабергенов 25 қазан – Республика күніне орай интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде арнайы айдарлар ашып, тақырыптық мақалалар, патриоттық бағыттағы посттар, тақырыптық бейнероликтер мен бейнесюжеттер #Республикакүні хэштегтерімен жарияланып, мерекенің маңыздылығы жалпыхалыққа кеңінен насихатталатынын тілге тиек етті.
Брифинг соңында барша аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, ұлттық мерекеде елімізге береке, бірлік, тыныштық тіледі.

Айнұр Назарова
24 қазан 2023 ж. 82 0