Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы қоңырау – жаңа бастамалардың жарқын үні

Алғашқы қоңырау – жаңа бастамалардың жарқын үні

1 қыркүйек – Білім күні. Бұл – әр баланың жүрегіне ерекше толқу сыйлайтын, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршін үшін жаңа өмірдің бастауы. Ал мектеп бітіруші түлек үшін балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар жауапты кезеңнің алғашқы күні.
Шиелідегі барлық білім ұясында алғашқы қоңырау үні естіліп, жаңа оқу жылының шымылдығы түрілді. Мектеп аулалары ақ бантик таққан бүлдір­шіндерге, жарасымды киінген оқушыларға, ұстаздар мен ата-аналарға толды. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің жүзіндегі қуаныш пен толқу ерекше сезілді. Биыл аудан мектептерінің есігін 1768 бірінші сынып оқушысы алғаш рет ашты. Кеше ғана балабақшада ойнап жүрген бүлдіршіндер енді қолдарына гүл ұстап, иықтарына сөмке асынып, үлкен білім әлеміне қадам басты. Олар үшін мектеп – жаңа дос­тар табатын, әріп танып, білім үйренетін, арманға қанат бітіретін ерекше мекен.
Ал 1197 оқушы 11 сыныпқа қадам басты. Оларға алғашқы қоңырау үні мектептегі соңғы оқу жылының басталғанын білдіреді. Алда ҰБТ, мамандық таңдау, жоғары оқу орнына түсу секілді жауапты сынақтар тұр. Кеше ғана мектепке алғаш келген бүлдіршіндер бүгін міне, үлкен өмірге бет алғалы отырған талапты түлекке айналды.
Білім күні – ұстаз еңбегін айрықша бағалайтын мерейлі мереке. Алайда биыл құшақ толы үлкен гүлдер мен орынсыз сый-сияпатқа рұқсат берілмеді. Десек те ұстаздар қауымы үшін жылы лебіздің өзі үлкен сыйға айналды. Жазғы демалыстан соң шәкірттеріне сағына келген 2866 мұғалім жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін болады. Ұстаз үшін әр оқу жылы – жаңа үміт, жаңа мақсат, жаңа шәкірттердің жетістігіне бастар жол десек те жарасады.
Алғашқы қоңырау үні бір мектептің ғана емес, тұтас елдің болашағына жол ашқандай әсер қалдырды. Бірі мектепке алғаш қадам басса, енді бірі білім ордасымен қоштасар күнін жақындата түсті. Бірінің алдында ұзақ білім жолы басталса, екіншісі сол жолда жинаған білімін өмірде қолданар кезеңге аяқ басты. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бір сыныпта алғашқы әріптерін таныған бүлдіршіндер отырса, мектептің басқа бір бұрышында соңғы оқу жылын бастаған түлектер өз армандары жайлы ойға шомады. Екеуін біріктіретін ортақ құндылық – білімге деген ұмтылыс.
Алғашқы қоңырау үні әр шәкірттің жүрегіне «Білім ал, ізден, арманыңа ұмтыл!» деген сенім ұялатары анық. Олай болса жаңа оқу жылында жақсы жаңалықтар көп болсын!

Г.Әбдіханиқызы
06 қыркүйек 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930