БІЛІМГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БЕРІК ҚАДАМ

Биыл аудандағы барлық білім ұясы «Мектебім – мейірім мекені» атты мерекелік ұранмен жаңа оқу жылын бастады. Әрбір салтанатты шарада ата-ана қуанышы, ұстаз мерейі, шәкірт арманы тоғысты.
ӘУЕЗОВТЕГІ АЙШЫҚТЫ СӘТ
Бәйгеқұм ауылындағы №251 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің ауласында да ерекше қуаныш лебі есті. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ұстаздар мен шәкірттерге ізгі лебіздерін арнады. Бұл күні ұстаз еңбегі де лайықты бағаланды. Білім саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар ардагер-ұстаздар мен сала жетекшілеріне Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Мектеп ардагері Күнімай Әбенқызы ақ батасын беріп, алғашқы қоңырау соғылған сәт – білім ордасының жаңа тарихындағы тағы бір жарқын белес болды.
Бұл қара шаңырақтың тарихы да тағылымға толы. 1939 жылы №18 шағын бастауыш мектеп ретінде ашылып, 1975 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Содан бері бұл мектеп мыңдаған шәкіртті қанаттандырды. Бүгінде 419 оқушыға 79 ұстаз тәлім береді. Ал жаңа оқу жылында 44 бүлдіршін алғаш рет партаға отырды.
САПАЛЫ БІЛІМГЕ ЖОЛ АШҚАН ІЛКІМДІ ІСТЕР
Ауданда бүгінде жалпы білім беретін 40 мектеп жұмыс істейді. Оның екеуі – жеке. Ең қуаныштысы, Шиеліде үш ауысымды, апатты жағдайдағы да мектеп жоқ. Бұл – білім саласына жасалған жүйелі қолдаудың, мемлекет қамқорлығының айқын айғағы. Биылғы жаңа оқу жылында 18 174 оқушы білім алуда. Олардың арасында алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1570 бүлдіршін бар. Бұл – ел болашағына салынған жаңа іргетас. Осы ұрпаққа сапалы білім беруді 2600 білікті педагог жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауы нәтижесінде ауданда соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. Құны 1 млрд 68 млн теңге болатын 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық өнер мектебі пайдалануға берілді. №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Жаңатұрмыс ауылдық округінде және Иіркөл ауылдық округінің Жансейіт елді мекенінде жаңа мектептер бой көтерді. Шиелі кентіндегі №252 Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясына 375 орындық қосымша ғимарат салынды. Бұл игілікті істің барлығы – ұрпаққа жасалған инвестиция. Өйткені мектеп ғимараты – тек қабырға мен шатыр емес, ол – болашақтың берік іргетасы.
ЖЕТІСТІК – ЫНТЫМАҚТЫҢ ЖЕМІСІ
Биылғы түлектердің басым бөлігі ҰБТ-ға қатысып, аудан бойынша орташа көрсеткіш 84,3 балды құрады. Бұл – ұстаз бен шәкірттің, ата-ана мен қоғамның ортақ еңбегі. Сонымен қатар №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеплицейдің облыстық тамыз кеңесінде «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 34 млн теңгелік грантқа ие болды. Осынау қуаныш тек бір мектептің ғана емес, ауданның абыройын асқақтатқан жетістік.
ОЙ ҚАЗЫҒЫ
Мектеп – мейірімнің де, мерейдің де мекені. Мұнда елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға тәрбиеленеді. Білімге салынған әрбір инвестиция – ұлттың болашағына салынған берік іргетас. Қоңыраудың сыңғыры – тек жаңа оқу жылының бастауы ғана емес, ол – болашаққа үндеу. Ол – әрбір оқушыға: «Үйрен, ізден, алға ұмтыл!» деген үн. Ол – әрбір ұстазға: «Шәкірттің бойына білім мен мейірім дарыт!» деген серпін. Ол – әрбір ата-анаға: «Ұрпағыңды қолда, елдің болашағына үлес қос!» деген аманат.
Осы үндеуге құлақ түрген әрбір шәкірт елдіктің жүгін арқалап өссе, Шиелінің де, жалпы қазақ елінің де болашағы нұрлы болмақ.
С.МАДИЯРОВА