Қоңырау үні естілді
1 қыркүйек – кез келген жанның жүрегінде алтын әріппен жазылатын тарихи күн. Себебі, әрбір азамат дәл осы күні мектеп табалдырығын аттап, білім жолын бастаған. Енді міне, көзді ашып-жұмғанша оқушылардың жазғы демалысы аяқталып, алтын ұя мектебіне қадам басты. Яғни жаңа оқу жылы басталды.
Бүгінгі таңда ауданға қарасты 40 мектепте 19 мыңға жуық оқушы білім алып жатса, жаңа оқу жылында 2256 жас талапкерлер мектепке алғашқы қадамын басты. Ал бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 182 оқушыға көп.
Биыл кент орталығымен іргелес орналасқан, «Дала академигі» атанған Ы.Жақаев ауылындағы №149 Ә.Монтаев атындағы мектепте болып, алғашқы қоңырау сыңғырын естіген болатынбыз. Жайқалған бау-бақшасымен ерекшеленетін мектеп мерекеге лайықты безендірілген. Ал мектеп үлгісіне сай киінген оқушылар көшенің сәнін кіргізгендей. Барлығы мәз-мейрам. Жаңа киім мен құрал- жабдықтар. Қолдарында ұстаздарына алған гүлдері.
Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Әшім Оразбекұлы еліміздің болашағы саналатын жастардың білімді болуы керектігін айта келе, жаңа оқу жылының табысты болуын тіледі. Өткенге зер салып, жеткен жетістікке тоқталды. Атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Сонымен қатар Пердәлі Архабаев жылы лебізін білдіріп, білім алудың маңыздылығына айрықша тоқталды.
Мерекелік шараға келген ардагер ұстаздар мен ата-аналар, қонақтар оқушылардың әзірлеген қойылымдарын тамашалады. Мектептің жетістігімен танысып, бүлдіршіндердің тақпағын тыңдады. Айта кету керек, биыл ауылдағы Құттықыз Ыханова басшылық жасайтын «Ы.Жақаев» атындағы күріш өсіру тарихи музейінің қызметкерлері мектепке алғаш қадам басқан алпыс оқушыға гүл шоқтарын таратып, қуаныш сыйлады.
Мұнан соң мектептегі биология кабинетіне ардагер ұстаз, биология пәнінің мұғалімі болған Медет Боранбаевтың есімі берілді. М.Боранбаев ұзақ жылдар бойы білім беру ісіне сіңірген ұлан-асыр еңбегіне лайық ерен бағасын алды.
Ерұлан Даткенов