1 қыркүйек - жас ұрпақтың жүрегіне үміт отын жағып, арманға қанат бітіретін күн

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы», деген болатын.
«Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында салынып, жуырда ғана пайдалануға берілген облыс орталығындағы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде алғашқы қоңырау соғылды.
Салтанатты іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген ұлағатты ойына тоқталып, білімнің ұлт келешегіндегі маңызына ерекше назар аударды.
- Ізденіс әлемінде білімге деген құлшыныстарыңыз өшпесін, талпыныстарыңыз тоқтамасын! Жаңа оқу жылында шәкірттерге табыс, ұстаздарға шығармашылық шабыт, ата-аналарға қуаныш тілеймін! Еліміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа биіктерге жетелейтін білім жолы әрдайым жарқын болсын! Білім күні құтты болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін! Бүгін есігін ашқан бұл мектеп - келешекке жасалған үлкен қадам, жастарымыздың сапалы білім алып, елге қызмет етуіне жол ашатын маңызды орталық боларына сенемін, - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Сонымен қатар, Мейрамбек Зинабдинұлы білім ордаларының тек шәкірт тәрбиелейтін орын ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани тірегіне айналуы тиіс екенін атап өтті. «Ұстаздың еңбегі өлшенбейді, ал шәкірттің жетістігі - ұстаз еңбегінің жемісі. Сондықтан біз жастардың бойына біліммен бірге адамгершілік пен ізгілікті сіңіруге күш салуымыз керек», - деген ойымен бөлісті.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары жаңа мектептің оқу кабинеттерін аралап, заманауи жабдықтарымен танысты. Әсіресе, білім әлеміне алғаш қадам басқан 1-сынып оқушыларымен жүздесіп, оларға сәттілік тілеп, «Әліппе» оқулығын сыйға тартты. Ұстаздармен тілдесіп, олардың еңбегіне алғысын білдірді.
Жаңа оқу жылы - жас буын үшін жаңа бастама, жаңа белес. Әр шәкірттің бойындағы білімге деген ынтасы мен алға ұмтылысы еліміздің ертеңін айқындайды. Ұстаздар мен ата-аналардың қолдауымен өсіп келе жатқан өрендеріміздің болашағы жарқын, келешегі кемел боларына сенім мол.
Білім күні құтты болсын!