Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?
Білім – ел болашағының берік іргетасы. Сондықтан әрбір жаңа оқу жылының басталуы – білім беру саласы үшін үлкен жауапкершілік пен тың міндеттер кезеңі. Шиелі ауданында да 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.37 мектеп – 18 мыңнан астам оқушы
Бүгінде Шиелі ауданында 37 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 34-і – орта мектеп, 3-еуі – негізгі мектеп. Сонымен қатар ауданның білім беру жүйесінде Оқушылар үйі, Әуез мектебі және «Сыр ұланы» тынығу жайы секілді қосымша білім беру ұйымдары оқушылардың жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді.
Аудандағы мектептерде үш ауысымды оқыту мәселесі жоқ. Бұл – білім алушылар үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды көрсеткіш.
Жаңа оқу жылында аудан мектептерінде 1–11 сынып аралығында 18 158 оқушыны 960 сынып комплектісіне жинақтау жоспарланып отыр. Оның ішінде алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің орны ерекше.
Биыл 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында «egov.kz» базасы арқылы электронды түрде жүргізілуде. Жаңа оқу жылында шамамен 1 719 бүлдіршіннің бірінші сыныпқа қабылдануы жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін бұл көрсеткіштің 98,7 пайызы орындалған. Бұл ата-аналар үшін де, білім беру ұйымдары үшін де электронды қызметтердің тиімділігін көрсетеді.
Оқулық – білімге бастар жол
Жаңа оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – оқушыларды оқулықпен толық қамтамасыз ету. 2026-2027 оқу жылына Шиелі ауданы бойынша білім бөліміне қарасты мектептердің 1-11 сынып оқушыларына қажетті оқулықтарды сатып алуға бюджет есебінен 276 млн 50 мың теңге қаржы қаралған. Ал кітаптарды тасымалдауға 1 млн 697 мың теңге бөлінген.
Оқушыларды қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету мақсатында білім бөлімі 9 баспамен 174 млн 951 мың теңгеге келісімшарт жасаған. Келісімшарт талаптарына сәйкес тиісті міндеттемелерді ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін толық орындау көзделген.
Бұл – жаңа оқу жылында шәкірттердің қажетті оқулықтармен уақытылы қамтылып, білім алуына қажетті жағдай жасалатынының айғағы.
Материалдық-техникалық ахуал қалай?
Оқу жылының сапалы басталуы мектептердің материалдық-техникалық және санитарлық жағдайына да тікелей байланысты. Осыған орай аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында 37 білім беру ұйымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 131 млн 533 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 67 млн теңге қаржы қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы өткізілген ашық конкурс нәтижесінде 52 млн 716,5 мың теңге бағасымен «СК Ризалит» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Қазіргі таңда мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын тиімді орналастыру бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, «Жөлек» бөбекжай-бақшасын №152 орта мектебінің бірінші блогына орналастыруға байланысты құрылымдау жұмыстарына 4 млн 832 мың теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ №9 «Жансая» бөбекжай-бақшасын №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі жанындағы интернат ғимаратының бір бөлігіне орналастыру бойынша құрылымдау жұмыстарына 6 млн теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Мұның барлығы – қолда бар нысандарды тиімді пайдаланып, балаларға сапалы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар.
«Мектепке жол» – мейірім мен қолдаудың көрінісі
Балаға жасалған қамқорлық – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін маңызды өлшем. Осы тұрғыда жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол!» акциясы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына үлкен көмек көрсетіп келеді. Өткен жылы акция аясында бюджеттен тыс көздер есебінен 944 балаға 18 млн 880 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Ал биыл бұл игі бастама жалғасын тауып, 1 011 балаға 20 млн 220 мың теңге көлемінде көмек ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл – баланың мектепке алаңсыз барып, қатарынан қалмай білім алуына жағдай жасауға бағытталған ортақ жанашырлықтың жарқын үлгісі десек те болады.
Мектеп формасы – тәртіп пен бірізділіктің белгісі
Баланы мектепке дайындауда ата-ананы толғандыратын мәселенің бірі – мектеп формасы. Мәселен, түрлі түсті қысқа белдемше, кең кеудеше, олпы-солпы жейде мен спорттық аяқ киім мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектің сықпытын кетіргендігі жасырын емес. Осындай кем-кетіктің алдын алу бүгінгі қоғамның талабы болмақ.
– Менің оқушы кезімде арнайы мектеп формасы болатын. Бәріміз бір үйдің баласындаймыз. Қандай жақсы еді. Қазір қыздарым мектеп жасында. Көбісі спорттық аяқ киім киеді. Көзге ерсі көрінеді. Өздерінің еліктейтіндері бар, соларға еліктеп кең киім киіп мектепке бара береді. Бұл кез келген ата-анаға ұнай қоймасы анық. Сондықтан, мен бірыңғай мектеп формасын қолдаймын. Тек қана бағасы қымбат, арнайы өздері бекіткен дүкендерден емес, сапалы дүние сататын базарлардан алуға немесе ательеде тіктіруге мүмкіндік берсе болғаны, – дейді ата-ана Інжу Данышпанова.
Ауданның білім беру ұйымдарында оқушылардың міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау мәселесі білім бөлімі тарапынан қатаң бақылауға алынған. Бірыңғай мектеп формасының белгіленген стандарттарын сақтау бойынша ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Насибеков.
Мектеп формасы – тек сыртқы келбет өлшемі ғана емес, ол білім ордасындағы тәртіп пен жинақылықтың, ұйымшылдық пен жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар ата-аналармен өзара түсіністік пен келісім негізінде жалғаса береді.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі
Жаңа оқу жылына дайындық – бір күндік немесе бір айлық науқан емес. Бұл – ұстаздың еңбегін, ата-ананың жауапкершілігін, мектеп ұжымының ұйымшылдығын және қоғамның балаға деген жанашырлығын тоғыстыратын ауқымды жұмыс.
Шиелі ауданында 2026-2027 оқу жылына дайындық барысында мектептердің жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқулықтар алынып, бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларға көмек көрсету шаралары қолға алынуда.
Ең бастысы – жаңа оқу жылында ауданның 18 мыңнан астам оқушысы білім нәрімен сусындап, өз армандарына қарай жаңа қадам басқалы отыр. Ал сол қадамның нық болуы үшін жасалып жатқан әрбір жұмыс – ауданның ертеңіне салынған инвестиция.
Шиелінің жаңа оқу жылына дайындығы – білім сапасын арттыруға, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әрбір оқушыға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың көрінісі. Жаңа оқу жылы жаңа белестерге бастайтын, білім мен ізденіске толы табысты жыл болғай!
Г.Дүйсебай








