Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЛГІ БОЛҒАН ЕҢБЕГІ, ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ ӨНБЕГІ

ҮЛГІ БОЛҒАН ЕҢБЕГІ, ЕҢБЕГІНЕ ҚАРАЙ ӨНБЕГІ

«Тазалық – саулықтың, саулық – байлықтың басы» дейді дана халқымыз. Иә, қоршаған ортаны құрметтеу, таза әрі жайлы орта қалыптастыру әрбір туған елін сүйетін перзенттің асыл парызы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы осыған келіп саяды.
Тазалық тақырыбы күн тәртібінен түскен емес. Себебі тазалық иманның жартысы, денсаулықтың кепілі екенін жақсы білеміз. Бірақ біле тұра еңкейіп еңбек етуге ерініп, тым болмаса ­ауламызды жинауға ерінетін кездер болады. Ал кейбіреулер тіпті мекеме қызметкерлеріне сенім артып, өз үйінің көше бетін сыпырып, қоқысын алуға немқұрайлы қарайды. Кейін өздерінің жалқаулығын басқаға артып, ақыр аяғында жауапты қызметкерлерді кінәлі қылып қоятындар да жоқ емес. Біз бүгінгі шығарылымда мекеме ауласын гүлдендіріп, жайқалтып отырған ­Алмат Базарқұловтың еңбегін көпке үлгі етпекпіз.
Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев ауылының тумасы Алмат Алдабергенұлы ауылдық округте орналасқан ­«Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінде» 2012 жылдан бастап көгалдандырушы қызметін атқарып келеді. Ісіне адал азаматтың жұмысын сырттай естісек те көзбен көрмегенбіз. Міне, енді сәті түсіп, музейге атбасын бұрдық. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, мекеме ауласына кірген сәттен бастап гүлзар бақ, жайқалған ағаштар, қаз-қатар отырғызылған жеміс ағаштары бірден өзіне баурап алады. Көптің сүйсіне айтып жүрген ауласын көріп біз де қуандық. Әрине, бұл әсемдіктің артында үлкен еңбек, уақытылы күтім мен маңдай тердің жатқанын анық байқадық. Жып-жинақы.
Кереметті қолмен жасаған азаматпен тілдесуге асықтық. Жұмысына білек сыбана кіріскен Алмат Алдабергенұлын кезіктірдік. Ол кісінің айтуынша, әкесі ­Алдаберген әкей де табиғат жанашыры болған. Ол ауылдық мәдениет үйінің ауласын көркейтіп, көгалдандыру жұмысына атсалысып, еселі еңбек еткен. 1985 жылы облыста көгалдандыру бағыты бойынша чемпион атанған екен. Әкенің қасында жүріп, тәлімін алып, адал бейнетті үйренген кейіпкеріміз де қазір әке жолын жалғастыруда.
Ауылдың шырайын келтіріп отырған бағбан табиғатты аялауды қасиетті борышы санайды.
– Табиғат – тіршіліктің бастауы, ал қоршаған орта – адамзаттың өмір сүру кеңістігі, тынысы. Сондықтан табиғатты қорғау, оны аялау – әрбір адамның азаматтық әрі адамгершілік борышы. Қазақ халқы ертеден-ақ табиғатқа ерекше құрметпен қараған. «Жер – ана, ел – бала» деген даналық сөз арқылы жер мен елдің арасындағы терең байланысты айқын бейнелеген. Өйткені адам баласы табиғатсыз өмір сүре алмайды. Қоршаған ортаның тазалығы – адамның денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі. Сол себепті табиғатты сақтау – бүгінгі күннің және келешектің қасиетті жауапкершілігі деп білемін. Президентіміз осы бағытта халқымызға ерекше үндеу жасады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы елімізде қарқынды жүзеге асып жатқаны қуантады. Осы тұста барша тұрғынды тазалыққа үн қосып, аулаларды көркейтуге шақырамын, – дейді Алмат Базарқұлов.
Бүгінде музей ауласында 9 гүлдің түрі, сондай-ақ түрлі жеміс ағашы бар. Барлығы көгеріп, жайқалып тұр. Тағы бір айта кетерлігі, кейіпкеріміз қарапайым шырмауықты, биік шырша тәрізді өсірген. Ерекше әсер сыйлайды.
Қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласының денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды міндет. Таза ауа, мөлдір су және қоқыстан арылған табиғат – салауатты өмірдің негізі әрі қоғамның өркениеттілігінің көрінісі. Табиғат-Анаға жанашырлық танытып, туған мекенді таза ұстау – үлкен мәдениет пен талғамның белгісі. Асылында, адамзат табиғатпен және ондағы барлық тіршілікпен байланысты. Бұл – табиғат пен оның перзенті арасындағы тепе-теңдік болса керек. Ендеше, дәл осындай қоғамды бірлікпен тазалыққа үндеп, игі бастамалардың басы-қасында жүрген Алмат Алдабергенұлының еңбегіне табыс тілейміз.

М.ИБРАГИМ,
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
24 тамыз 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (9430).

22 тамыз 2026 ж.

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31