ТАЗАЛЫҚ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ
«Тазалық – саулықтың, саулық – байлықтың басы» дейді дана халқымыз. Иә, расымен де қоршаған ортаны құрметтеу, таза әрі жайлы орта қалыптастыру әрбір туған елін сүйетін перзенттің асыл парызы.Еліміздің табиғаты – ұлттың қазынасы, ұрпаққа аманат. Тазалық – адам мәдениетінің, қоғам өркениетінің айнасы. «Тазалық тәртіптің бастауы» деген нақыл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Себебі тазалық бар жерде тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық қалыптасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы осыған келіп саяды.
Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру қағидаларын орындау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті.
Осыған орай Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтің тапсырмасына сәйкес аудан аумағында санитарлық тазалық талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Мониторинг барысында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және кент әкімдігі қызметкерлері аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандарды кәсіпкерлік субъектілеріне іргелес аумақтарды таза ұстау, қоқысты белгіленген орындарға шығару, абаттандыру және көркейту талаптарын сақтау, ғимараттардың сыртқы келбетін талапқа сай ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Жалпыұлтық акция негізінде ауданда тазалық жұмыстары күн тәртібінен түспей, тиісінше ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына көзіміз куә. Алып техникалар көше бойына су шашып, бірі қоқыс жәшіктеріндегі жүкті тиеп арнайы орындарға жөнелтуде. Тұрғындар тарапынан да бұл бағытта үлкен қолдау көрсетіліп, әр үй иесі өзінің ауласын тазалап, акцияға үлес қосуда. Нәтижесінде ауылдар мен кенттің көркі жаңарып, табиғатқа жаңа тыныс берілді. Бұл атқарылып жатқан игілікті іс қоғамның экологиялық мәдениетінің артып келе жатқанының айғағы деуге толық негіз бар.
Расында, еңбек атмосферасы адамдарды біріктіре түседі. Тазалық шарасына кент және ауылдық округтерден жиналған азаматтарды бүгінгі күннің батыры деп айтуға болады. Себебі, шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан, көшелер мен аулаларды ретке келтіріп, жол жиектерін сырлап, аудан ажарының артуына атсалысып, тазалық жұмысына белсенді қатысуы үлкен ерлікпен пара-пар.
Табиғат-Анаға жанашырлық танытып, туған мекенді таза ұстау – үлкен мәдениет пен талғамның белгісі. Экологиялық акция – жауапкершілік танытқан барлық топты жұмылдырып, тазалық жұмыстарының асқан маңыздылығын көрсетіп отыр.
Игі бастамалар қоғамды жаппай тазалыққа үндеумен қатар, ұжымның ауызбіршілігінің артуы мен жұмыла жұмыс істеу арқылы айрықша жоғары нәтижелерге қол жеткізетіндігін айқындай түспек. Осылайша, аудан азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы береке бірлік, тату тірлікпен елдің көркеюіне атсалысып келеді.
Асылында, адамзат табиғатпен және ондағы барлық тіршілікпен байланысты. Бұл – табиғат пен оның перзенті арасындағы тепе-теңдік болса керек. Жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстары – мекен шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайды.
Тұғыры биік туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті екені сөзсіз. Ендеше, дәл осындай қоғамды бірлікпен тазалыққа үндейтін игі бастамалар әрі қарай жалғасын таба берсін демекпіз.
М.ИБРАГИМ








