Тазалық – табалдырықтан басталады
Тазалық туралы тақырып күн тәртібінен түскен емес. Себебі тазалық – иманның жартысы екенін де, денсаулықтың кепілі екенін де бәріміз білеміз. Бірақ біле тұра еңкейіп еңбек етуге ерініп, тым болмаса ауламызды жинауға ерінетін кездер болады. Ал кейбіреулер тіпті мекеме қызметкерлеріне сенім артып, өз үйінің көше бетін сыпырып, қоқысын алуға немқұрайлы қарайды. Кейін өздерінің жалқаулығын басқаға артып, ақыр аяғында жауапты қызметкерлерді кінәлі қылып қоятындар да жоқ емес. Оның үстіне қақаған қыстың аяқталғаны қашан?
Бүгінде күн ұзарып, түн қысқарды. Таңғы салқында немесе кеш қарайғанда бір мезгіл ауланы тазалап қою ешкімге зиянын келтірмес еді.
«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» демекші, кімде болсын күнмен таласып, тазалыққа ден қойса құба-құп. Осы орайда Марат Омаров ағамыздың әлеуметтік желідегі парақшасын оқып, ой түйдік. Тазалық тақырыбында М.Омаров «Бір досым жақында келін алып келу құдалығынан, бос қайтып ұятты болдық дейді. Құдалықты басқарып барған аға, есіктің алдындағы шашылып жатқан күл-қоқысты көріп мына жерден келін алмаймыз, ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді деп кері қайтарыпты. Араша түскендерді тыңдамапты. Ау, қазағым-ау! Қонақ келеді дегеннен алды-артыңды жинап отырсаңшы. Меніңше сол ауылға сабақ болған екен» деп пікірін білдіріпті. Иә, сырт көз – сыншы. Сырттан қонақ келгенде ауланың қоқыстан көз ашпай жатқаны бір жағынан келген адамға ыңғайсыздық тудырса, екінші жағынан үй иесін ұятқа қалдырады.
Тазалық – дінде де ең бірінші талап етілетін шарттардың бірі. Құран сүрелерінде «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» деп нақты айтылған. Яғни, тек киімді ғана емес, күнделікті аяқ басып жүрген жерімізді, тыныс алып жүрген ауамызды таза ұстайық. Қазіргі таңда барлығы дамып, адамдардың да сана-сезімі, ойлау қабілеті, өмірге деген көзқарасы өзгерген. Көпшілік мәдениетті болуға, білуге ұмтылып келеді. Технология қарыштап дамыған заманда барлығында дерлік заманауи телефон мен жабдықтар да бар. Алайда аулаға қоятын кішкене қоқыс жәшігіне келгенде көңіліміз тарылып қалатыны қиын. Мәдениеттіліктің бастауы – тазалықта. Аула таза болса, ауа да таза болады.