Жастар айтқан ой – назарда, бастама – қолдауда
Жақында Ы.Жақаев атындағы саябақта 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің аудан жастарының қатысуымен еркін форматтағы жүздесуі өтті. Жайдары жаздың ашық аспанында өткен жүздесу жастардың ой-пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді ортаға салып, тың бастамаларға жол ашқан мазмұнды басқосуға ұласты.Жастардың қоғамдағы белсенділігі, білім алуы, еңбек етуі, кәсіпкерлікпен айналысуы, мәдениет пен спорт салаларындағы жетістіктері және туған өлкенің дамуына қосар үлесі кеңінен сөз болды. Ең бастысы, шара біржақты есеп беруге емес, ашық пікір алмасуға құрылды. Сондықтан жастар өздерін толғандырған мәселелерін еркін айтып, көкейдегі сауалдарын қойып, ауданның болашағына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жастардың әрбір ұсынысы маңызды екенін атап өтіп, олардың бүгінгі белсенді күші ғана емес, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын азаматтар екенін жеткізді.
– Бүгінгі жүздесуді біржақты есеп беру емес, ашық пікір алмасу алаңы ретінде өткізуді жөн көріп отырмыз. Жастардың әрбір ұсынысы біз үшін маңызды. Себебі жастар – ауданымыздың бүгінгі белсенді күші ғана емес, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын азаматтар, – деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға үнемі үлкен сенім артып келе жатқанын атап өткен аудан әкімі осы сенімді ақтау үшін олардың сапалы білім алуына, еңбек етуіне, кәсіп бастауына және өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды екенін айтты.
Бүгінде ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы 27 545 жас бар. Бұл аудан халқының 31 пайызын құрайды. Яғни, аудан тұрғындарының әрбір үшіншісі – жас. Бұл көрсеткіш жас буынның аудан өміріндегі орны айрықша екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда аудандағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,20 пайызды құрайды. 2026 жылдың алғашқы жеті айында жастардың қатысуымен 75 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 856 жас қамтылған. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығына 119 жас жүгініп, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және басқа да бағыттар бойынша кеңес алған.
Ашық пікір алмасу барысында жастар да өз белсенділігін танытып, түрлі бағыттағы ауқымды сауалдарын жолдады. Жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, спорт пен мәдениетті дамыту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және қоғамдық бастамаларды қолдау сынды мәселелер қозғалды. Әр сауалдың артында жастардың жеке қажеттілігі ғана емес, ауданның келешегіне қатысты ортақ ой жатқанын аңғаруға болады.
Солардың бірі – белсенді жас Қылышбек Айтбайдың туған өлкені кеңінен танытуға бағытталған бастамасы. Ол аудандағы табиғи, тарихи және мәдени тұрғыдан көрікті жерлерді көпшілікке насихаттау мақсатында жастар арасында арнайы байқау ұйымдастыруды ұсынды.
Шиелі – тарихы терең, табиғаты көркем, киелі орындары мен көрікті мекендері мол өлке. Қ.Айтбайдың айтуынша, сол ерекшеліктерді жастардың өздері фото, бейнеролик және шығармашылық жұмыстар арқылы танытып, әлеуметтік желілер мен заманауи ақпараттық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет. Бұл бір жағынан туған жердің танымалдығын арттырса, екінші жағынан жас буынның шығармашылық қабілетін шыңдап, өлке тарихына деген қызығушылығын күшейтеді.
Туған жердің көрікті жерлерін жастардың көзімен таныту туралы ұсыныс аудан әкімі тарапынан қолдау тауып, тиісті сала мамандарына зерделеу тапсырылды. Бұл – жас азаматтың бастамасы назардан тыс қалмай, нақты қолдауға ие болғанының айқын көрінісі.
Бұдан бөлек, бірқатар жас өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, аудан басшысына тікелей сауалдарын қойды. Көтерілген мәселенің барлығы назарға алынып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Шара барысында қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан, білім, спорт, мәдениет және басқа да салаларда жетістікке жеткен бірқатар жас марапатталды. Оларға облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасары және аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген сөзі бүгінгі күннің де өзекті ұраны іспетті. Себебі елдің ертеңі – білімді, еңбекқор, ізденімпаз әрі бастамашыл ұрпақтың қолында. Шиелі жастарының арасында білім мен ғылымға ұмтылған, кәсіпкерлікке қадам басқан, спорт пен өнерде биік белестерді бағындырып жүрген азаматтар аз емес.
Жалпы Халықаралық жастар күніне арналған бұл жиын жас буынның үнін естіп, ұсыныстарын саралап, жаңа бастамаларға мүмкіндік берудің маңызды алаңына айналды. Жастардың ойы тыңдалып, нақты ұсыныстары қолдау тапқан жерде жаңа жобалардың да өмірге келері анық.
Өйткені жастардың әрбір жақсы ойы – ауданның ертеңіне салынған инвестиция. Ал туған жердің дамуына үлес қосуға ұмтылған, сөзіне ісі сай, бастамасы бар жастар – Шиелінің жарқын болашағының кепілі.
Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ







