Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕҢІЛ ОЛЖАНЫҢ СОҢЫ...

ЖЕҢІЛ ОЛЖАНЫҢ СОҢЫ...

«Аузы күйген үрлеп ішер» демекші, алаяқтардың ­арбауына түсіп, тірнектеп жиған қаражатынан айырылған жандардың өкініші бүгінгі қоғамның өзекті дертіне айналды. «Көк бөрінің ұрпағымыз» деп асқақтағанымызбен, қаржылық сауаттың таяздығы мен жеңіл олжаға құмарлықтың кесірінен аңқау жемтікке айналып жатқанымыз – ащы да болса ақиқат. Әлемді торлаған қаржы пирамидалары ешкімді шын мәнінде байлыққа жеткізген емес; керісінше, артында көз жасы, отбасылық трагедиялар мен орны толмас қайғы қалдырып келеді.
Қаржылық алаяқтықтың бұл түрі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Италиядан шыққан Чарльз Понцидің есімімен тарихта қалды. Бүгінде оның ізбасарлары заман талабына сай бейімделіп, тәсілдерін ширата түскен. «100 мың теңге салсаңыз, 3 айда 300 мың қылып қайтарасыз» немесе «Көлігіңізді нарықтағыдан қымбатқа өткізіп, үстінен пайда табасыз» деген сияқты еліктіргіш уәделер – алаяқтардың негізгі қармағы. Бұл жүйе өз жұмысын ақпараттық және психологикалық тұрғыдан өте мұқият ұйымдастырады. Әуелі заңды әрі беделді ұйым болып көріну үшін қаланың ең еңселі ғимараттарына жарнама іледі. Қымбат мейрамханаларда шетелдік «директорлардың» қатысуымен салтанатты жиындар өткізіп, лотерея ойнатып, халықтың сеніміне кіреді. Бүгінгі таңда бұл құрылымдар әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырманы бар блогерлерді, шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал спортшыларды жегізеді. Шындық су бетіне шыққанда, ол танымал тұлғалар «білмей қалдық» деп, әсерлі видеомен кешірім сұрап, жауапкершіліктен сытылып шыға салады. Алаяқтар өз қатарына бұрын банкте істеген терең білімді қаржыгерлерді, заңдағы шикіліктерді айналып өту үшін адвокаттарды және психологиялық арбау тәсілдерін меңгерген SMM мамандарын ақшамен арбайды.
Қаржы пирамидасының механизмі алғашқы кезеңде мүлтіксіз жұмыс істейтін сияқты болып көрінеді. Жаңадан тіркелгендерге үстеме ақы беріп, сый-сияпат үлестіру арқылы олардың айналасындағы адамдардың да қызығушылығын оятады. Әдетте ресми құжатты оқымай қол қоя салатын азаматтар, мөр басылған қағаздар мен суыртпақ мақтауларға сеніп, қалай төлқұжатын ұстатып, заңсыз жүйенің мүшесі болып шыға келгенін де байқамай қалады. Бұл әрекеттердің арты үлкен әлеуметтік трагедияға ұласады. Жақындары мен туған-туыстарын жүйеге тартқандар аяғында бәрінен айырылып, жақындарына бет қарай алмайтын күйге түседі. Сенгіштігінің кесірінен соңғы қаражатынан айырылғандардың арасында дүйім жұрттың көзінше өзіне қол жұмсаған оқиғалар тіркелді.
Сотқа арыз түсіп, мәселе заң жүзінде қарала бастағанда, бұл компаниялар ішіндегі қызметкерлерімен бірге ғайып болады. Ұйымдастырушылар қарапайым халықтың ақшасын шетелдік оффшорлық банктердегі есепшоттарға аударып, бой тасалауға тырысады. Кейін сот шешімі шыққанның өзінде, талан-таражға түскен қаражатты толық қайтарып алу мүмкіндігі өте төмен. «Алтын көрсе, періште де жолдан таяды» дейді халық даналығы. Еңбексіз келетін байлыққа ұмтылу – адам баласының әлсіздігі. Биік ғимараттағы жарқыраған жарнама мен көзбояушылыққа алданбай, кез келген қаржылық ұсынысқа байыппен қарау – заман талабы. Сол үшін адал маңдай термен келген несібенің гана берекелі екенін ұмытпаған абзал. Өз қаржылық сауатымызды арттыру арқылы ғана біз мұндай алаяқтық тосқауылдарға қарсы тұра аламыз.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
15 тамыз 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31