Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қулықтың құрбаны болма

Қулықтың құрбаны болма

Заман ағымына қарай алаяқтық қылмысы сан түрленіп, мың құбылып тұр. Бүгінде нарық пен маркетингті ұршықша игеріп алғандар «аңқау елге арамза молданың» кебін киіп жүр. Алаяқтықтың көбейгенін айтып, азаматтардың наразылығының артқанын ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені елімізде жіліктің майлы басын ұстап, соңынан ергендерді соқыр сеніммен алдап жүргендердің саны азаяр емес.
Қазір адамдардың көбі өздері ізденгеннен, еңбектенгеннен гөрі, біреудің айтқанымен жүргенді құп көретін болып кетті. Оның үстіне ақшаны санаулы күннің ішінде бірнеше есе көбейтіп алуға деген «құлшыныс» қарапайым қауіпсіздік шараларын қалтарыста қалдыруда.

Қаржы пирамидасы қалай пайда болды?
Алғашқы пирамидаларды құрушылар қатысушыларды «ұзынқұлақ» арқылы тартқан. Мысалы, 1717 жылы Францияда шотландтық Джон Ло құрған «Миссисипийлік» атты компания осы ұйымның акцияларын сатып алған бай француздарға керемет байлық көзі мен шексіз мүмкіндіктер туралы қауесеттер таратқан.
Акцияның бастапқы бағасы 500 ливр болған. Франция азаматтары бұл ертегіге сеніп, акцияларды жаппай сатып ала бас­тайды. 1719 жылы желтоқсанда компания акцияларының бағасы 10,000 ливрден асып түседі. Халық бүкіл дүние-мүлкін сатып, акциялар сатып алу үшін қарызға батады. Барлығы табысқа кенелудің жеңіл көзін таптық деп ойлайды. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін акционерлер бағаның шамадан тыс шарықтатылғанын түсінеді де, акцияның бағасы сол жоғары қалпында тұрғанда оларды дереу сату туралы шешім қабылдайды. Бір акцияның бағасы 10 мың ливрдан 1000 ливрге дейін төмендейді. Содан кейін акциялар құнсызданып, адамдар соңғы тиынына дейін айырылады.
Адамзат тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы (ғасыр пирамидасы) 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ұйымдастырды. Оның 40 жылдық қаржылық іс-әрекетінен 3 миллион адам зардап шекті және 50 миллиард доллар қаржы үшті-күйлі жоқ болып кетті.
ХХ ғасырдың басында осыған ұқсас әдісті италиялық иммигрант Чарльз Понци АҚШ-та сәтті қолданды. Ол Бостонда Понци арбитраждық мәмілелермен айналысатын «Бағалы қағаздармен алмасу компаниясы» атты кәсіпорнын тіркейді. Понци салымшыларға 90 күн ішінде 50 пайыз үстеме ақыға уәде береді. Бұл сол кездегі 5 пайыздық жылдық мөлшерлемеден 200 есе көп болған. Италиялық баспасөздегі тапсырыспен жазылғанмақалалар арқылы қоғамдық сананы шебер басқарып, өзінің кәсіпорнына деген қызығушылығын оятады. Іс жүзінде оның компаниясының салымшыларына төлемдер төлеу жаңа қатысушылар есебінен жүзеге асырылды. Бұл – қаржы пирамидасының басты және айқын белгілерінің бірі.
Саналы адамзат куә болған әлемнің әр түкпіріндегі түрлі-түсті және үлкенді-кішілі қаржы пирамидаларының ішіндегі гүлденудің шырқау биігіне көтеріліп үлгерген және күйрей отырып миллиондаған адамдардың тағдырын күйзелткен азамат С.Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ қаржы пирамидасы еді. «МММ»-нің қаржылық іс-әрекетінен әртүрлі есептеулер бойынша 10-15 миллион салымшы жапа шекті. 50 адам өзіне өзі қол жұмсап өмірлерімен қоштасты.

Оңай олжа опық жегізіп тұр
Қазіргі уақыттағы алаяқтар мен қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар жай ғана «шақырушылар» емес, олар — ІТ-технологиялар саласындағы білікті мамандар, жақсы психологтар мен адамдардың эмоцияларын басқара алатын шешен адамдар. Қазіргі кезде қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер маңызды рөл атқарады.
Естеріңізде болса әлеуметтік желіде Mudarabah Capital атты компанияға қаржы салып, ақшасынан айырылған алматылық келіншек өзін-өзі өртеп жіберген болатын. 160 салымшының Mudarabah Capital компаниясы арқылы Аstex.kz ЖШС-ге 2 миллиард теңгеден астам ақша аударған қаржылық пирамиданың басшысы әшкере болды. Бірақ, халық әлде де жұлдыздар мен танымал блогерлердің жарнамаларына сеніп, қаржы пирамидаларының арбауына түсіп қалуда.
– Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар компаниялар құрады және оларды аса жоғары табыс табуға болатындығына сендіріп, аңғал адамдарды тартады. Өткен ғасырлардағы сияқты мұндай пирамиданың да схемасы – қаражатты жаңадан келгендер есебінен төлеу. Біраз пайда тапқан алғашқы салымшылар өздерінің орасан зор пайдаға қол жеткізгені туралы «қуанышты» жаңалығымен бөліседі және оған өз туыс­тарын, достарын және таныстарын тарту арқылы аталған жобаны интернетте белсенді түрде жарнамалайды. Сондықтан оңай олжаға үйір әрі әлеуметтік желіден бас алмайтын қазіргі заманда адамдарды алдау тым оңайға соғып тұр. Сол себепті қандай да бір іс бастамас бұрын қаржылық сауатты арттыруды ойлау қажет, – дейді аудандық психологтар бірлестігінің жетекшісі Ләззат Төлешова.

Г.ӘБДІХАНИ
25 шілде 2022 ж. 378 0