Интернет алаяқтарға алданба
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі, азаматтарды, қаржы мәселесінде сергек болуға, өз қаражаттарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырады.
Барлық өңірлерде және әртүрлі форматта алаяқтық жобалар көбеюде.
Соңғы уақыттарда Интернет желісі арқылы «жалған қаржылық компаниялар» туралы ақпарат жиіледі. Еліміздегі ірі мұнай өндіруші «ҚазМұнайГаз», «ТеңізШевройл» сияқты, сонымен қатар «Байтерек Инвест», «Каспи банк» мемлекеттік цифрлық жобаларға ақшалай инвестиция жасау туралы ұсыныстар әлеуметтік желі бетін аралап жүр. Алаяқтар, елдің сенімін жаулау үшін, компаниялардың логотипін, танымал тұлғалардың бейнесін пайдалануда. Осы тектес жарнамалар шындыққа жанаспайтынын ескертеміз!
Тек Алматы қаласының тұрғындарынан 2 млн АҚШ доллары және 630 мың теңге көлеміндегі қаражатын жинап алған «TheFiniko» қаржы пирамидасына қатысты іс Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен қалалық прокуратурамен бірге тергелуде. Осы қаржы пирамидасын құрушыларға алданған 300-ден астам адам шағымданған. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қорытындысына сәйкес, аталған компания әлемдік биржалардың ешқайсысында тіркелмеген. Алайда оны сауда және инвестиция платформасы деп жариялаған құрушылары адамдарды жалған жарнамамен тартып, ақша құюға сендірген. Бүгінгі күнге бұл қаржы пирамидасының негізін қалаған үш азамат қамауға алынды.
Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Не работа» атты қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегін анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын жүргізуде. Ұйымдасқан топ 2019-2021 жылдар аралығында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тартылған қаражатты өз бағытына пайдаланбай, жеке тұлғалардан қаржылық пирамидаға активтерді тартуды қамтамасыз еткен. Пирамидаға тартылған қаражат сомасы 80,5 млн. теңгені құрады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде «GAP» ТК (Global Asar Project) басшылығына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Батысқазақстандық әріптестер анықтағандай, 2021 жылы БҚО аумағында қаржы пирамидасы құрылған, яғни кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тартылған қаражатты пайдаланбай, активтерді қайта бөлу және кейбір қатысушыларды басқалардың жарналары есебінен байыту арқылы жеке тұлғалардың жарнасынан кіріс алу бойынша әрекет ұйымдастырған. Зардап шеккен 14 адамға келтірілген жалпы шығын 15 млн. теңгеге жуық.
Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті WhatsApp-тағы топтар арқылы құрылған пирамиданың жолын кесті. Қылмыстық схема екі бағыт бойынша қатысушылардан қаражат тартқан. Біріншісі – жаңа қатысушыларды тарту арқылы салым сомасының 70%-ы көлемінде сыйақы төлеуге уәде беріп, 4 - 5 күнге дейінгі мерзімге азаматтардан инвестиция жинақтау. Екіншісі – «Cтандарт», «Vip» және «Premium» деген үш позицияға азаматтардан инвестиция тартып, 150000 теңгеден 10000000 теңгеге дейінгі салымдар сомасында қаражат жинақтау. Салымдар мобильді банкинг арқылы қабылданған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кету керек, пирамиданың мақсаты – жаңа қатысушыларды тарту. Әдетте, пирамиданың негізін қалаушылар қомақты соманы жинап алған соң төлеуді тоқтатады да барлық ақшамен жоғалып кетеді.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың айла-амалынан сақтандырудың барлық шараларын жасауда.
Құрметті азаматтар! Егер Сіз қаржы пирамидасы мен алаяқтық жобаларға алдансаңыз немесе олар туралы ақпарат білсеңіз – Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің 7 (7172) 70-84-78 немесе Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 8 (7242) 21-52-09 нөмерлі «сенім телефондарына» хабарласыңыз!