АҚШ-та дауыл салдарынан 2 мыңнан астам әуе рейсі тоқтап қалды
АҚШ-тың шығыс жағалауында күшті найзағай мен дауыл салдарынан кемінде 7 мың әуе рейсінің кестесі өзгеріп, 2 мыңнан астам рейс тоқтап қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.Әуе рейстерін бақылайтын FlightAware сервисінің мәліметінше, ел ішінде және халықаралық бағыттарда тағы 5 мыңнан астам рейс кешіктірілген. Нью-Йорктің өзінде шамамен 600 рейс тоқтатылып, 500-ден астамы кейінге шегерілген. Қолайсыз ауа райына байланысты АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы бірқатар өңірде су тасқыны қаупі туралы ескерту жарияланып, торнадо болуы мүмкін екені хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша Пенсильвания мен Нью-Джерси штаттарында кемінде екі торнадо тіркелген. Мамандардың айтуынша, дауыл аймақ бойынша қозғалысын жалғастырып жатқандықтан, кейінге шегерілген және тоқтатылған рейстер саны әлі де артуы мүмкін. Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Астанадан Дубайға ұшып шыққан ұшағын кері қайтарған болатын. Сондай-ақ әуе тасымалдаушысы 21 шілдеден 31 тамызға дейін Дубайға ұшу бағыттарын уақытша тоқтататынын хабарлаған болатын.





