Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ҚАЖЕТІН ҚАЛАЙ ӨТЕЙМІЗ?

ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ҚАЖЕТІН ҚАЛАЙ ӨТЕЙМІЗ?

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жергілікті әкімдіктерге қойылып отырған талаптың бірі – кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс орындарын ашу, жергілікті салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау. Өңірде кәсіпкерлік саласын дамытуда бірқатар шара атқарылуда. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да бар. Орта және шағын бизнестің дамуына қолдау ретінде түрлі бағдарлама іске қосылып, жоғары нәтижесін беруде. Яғни, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі жұмыссыздық мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп келеді.
Дарияның төменгі ағысындағы Шиелі ауданы – ежелден еңбек пен өнердің, білім мен берекенің қатар өрілген мекені. Бүгінде аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту да жолға қойылған. Өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетем деушілерге қолдау бар. Негізінен, ниеті түзу, білімді жанның жақсы жобасы болса, кәсіп ашуына кедергі жоқ. Тек нақты стратегия, нәтижелі жұмыс көрсету қажет. 2026 жылдың 1 жарты жылдықтағы көрсеткіш бойынша ауданда 5757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері (заңды тұлға 585, дара кәсіпкерлер 3 764, шаруа қожалықтары 1408) тіркеліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 90,9%-ды құраған. Оның ішінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 5 575-ке жеткен.
Осыған дейін ауданда өндіріліп келе жатқан сүт өнімдері, аяқ киім, қызанақтан томат пастасы, шұжық, майлық қағаз сияқты жеке кәсіпкерлердің ашқан жұмысына сүйсініп қараймыз. Бұл өнімдер тек ауданға ғана емес, көршіліс аймақтарға жөнелтіліп жатыр. Тіпті, сүт өнімдерін жасалған құрт, айран өнімдерін елордамыздың төріндегі дүкен сөрелерін де таба аласыз. Бұл дегеніміз өнімнің сапасы жақсы, халық сұранысының жоғары екенінің айғағы.
Бүгінде өндірісі өркендеп, кәсіптің көкжиегі кеңейіп келе жатқан ауданда құрылыс жұмыстары жыл өткен сайын жандана түсуде. Осы тұрғыда ендігі кезекте құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорын керек-ақ дерсің. Себебі құрылыста қолданылатын заттардың 90 пайызға жуығын өзге аймақтардан, тіпті шекара көршілес елдерден тасымалдауға тура келеді. Олардың жол шығыны, тасымалын қоса есептегенде өз бағасынан әлде қайда жоғарылап кетеді. Қарапайым шеге, қолғап, құрылыс киімдерінің де әзірге өңірімізде өндірілмей тұрғаны кейде қынжылтады.
Осы бағытта халыққа түсіндірме жұмысын жүргізіп, кәсіпкерлерге бағыт-бағдар берілсе нұр үстіне нұр болмақ. Құрылысы қарқынды өңірде құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорын ашылса, отандық өнімге сұраныс артып, зауыт өнімдерін тиімді бағада алуға қол жеткізетін едік. Бұның аудан экономикасына тигізер шапағаты да мол болары анық. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Мейіржан ИБРАГИМОВ
11 тамыз 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (9427)

11 тамыз 2026 ж.

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

№58 (9425)

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31