«Кәсіпкерлерге қызмет» акциясы Шиеліде
Өткен сенбіде Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен «Nur Otan» партиясы филиалы және кәсіпкерлер палатасы бірлесіп Шиелі аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Кәсіпкерлерге қызмет» акциясын өткізді. Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Т.Жағыпбаров жүргізді.
Өзге аудандардан бастау алған «Кәсіпкерлерге қызмет» акциясының көші Шиелі ауданында жалғасын тапты. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жергілікті әкімдіктерге қойылып отырған бірінші талап – кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс орындарын ашу, жергілікті салық базасын ұлғайту және қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтау. Өңірде кәсіпкерлік саласын дамытуда бірқатар шаралар атқарылуда. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар да бар. Орта және шағын, ірі бизнестің дамуына қолдау ретінде түрлі бағдарламалар іске қосылып, нәтижесін беруде. Яғни кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі жұмыссыздық мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп келеді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» бағдарламасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Ерманов бастаған облыс прокурорының аға көмекшілерінен және басқарма бастықтары мен Қызылорда қалалық прокуратурасы қызметкерлерінен құралған арнайы топ іс-сапармен келді. Сондай-ақ аталған жиналысқа «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов және облыстық басқарманың мамандары, облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық филиалының, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталық» ЖШС-нің, «Аграрлы несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалының бизнес тренерлері, сарапшылары, кеңесшілері қатысып, аудан тұрғындарын толғандырған сауалдарға жауап қатты.
Іс-сапармен келген арнайы топ өкілдері түрлі тақырыпта баяндама жасап, кәсіп ашам деушілерге қолдаудың көптігін жеткізді. Кәсіпкерлер палатасы Шиелі аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов: «Бүгінде өңірде инфрақұрылым, құрылыс қарқынды дамуда. Инфрақұрылым жақсы дамымайынша, кәсіпкерлік саласының өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан осы саланың қанат жаюына ауданда жақсы көңіл бөлінуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстары жыл басынан бері қарқынды ұйымдастырылуда. Сондай-ақ «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында грант алуға ниет білдірген азаматтарға конкурс жөнінде кеңес беріліп, оларға бизнес жоспар әзірлеу және құжат дайындауға көмектесіп бағыт-бағдар беріп келеміз», – деді. Елбасының кезекті бір Жолдауында бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша біршама міндеттер қойылған болатын. Соның бірі – шағын және орта, ірі бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Оған қол жеткізу үшін бүгіннен бастап саланы серпілтер тың бастамаларды қолға алуға тиіспіз. Сондықтан шағын және орта бизнес ел экономикасының көсегесін көгертетін сала екенін аудан тұрғындары жіті түсініп, таным көкжиегі артып келеді. Бұл саланы жетілдіру үшін Мемлекет басшысы, Үкімет пен Парламент тың қолдау көрсетіп отырғаны баршаға аян. Елбасының Жолдауында белгіленген шағын және орта бизнесті дамыту тенденциясын қолдау мақсатында облыс басшысының бастамасымен 2021 жылға дейін «Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленіп, осы саланы дамытуға жан-жақты жағдай жасалып келеді. Осындай жаңа мүмкіндіктердің арқасында, ауданда бизнес саласы жақсарып, шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасуда. Жалпы бүгінгі таңда өңірде 551 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі бар. Одан әрі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, кәсіпті бастау, қаржыландыру, грант сынды мәселер төңірегінде сала мамандарымен жеке пікір алмасқан аудан тұрғындары біршама бағдарламаның мол мүмкіндігінен хабардар болды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ