Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Береке – бірлікте, табыс – тірлікте

Береке – бірлікте, табыс – тірлікте

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жергілікті әкімдіктерге қойылып отырған бірінші талап – кәсіпкерлікті дамытып, жұмыс орындарын ашу, жергілікті салық базасын ұлғайту және қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтау. Бұл бағытта ­ауданда бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Орта және шағын бизнестің дамуына қолдау ретінде түрлі бағдарламалар іске қосылып, нәтижесін беруде. Яғни, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі жұмыссыздық мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Осыған орай, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Шиелі ауданындағы филиалының биылғы жылды қалай қорытындылағанына тоқталуды жөн көрдік.
Бүгінде Шиелі ауданында инфрақұрылым мен құрылыс қарқынды дамуда. Жыл басынан бері құрылыс саласындағы сапалы жұмыстарды газет бетіне жариялаған болатынбыз. Ал инфрақұрылым жақсы дамымайынша, кәсіпкерлік саласының өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан осы саланың қанат жаюына аудан халқы дән риза. Жеке кәсібін ашып, өз ісін дербес жүргіземін деген азаматтар қашан да қолдауға, көмекке мұқтаж келеді. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізде билік пен бизнестің арасын жалғастырушы дәнекер қызметін ғана емес, кәсіпкерлерге қолдау, кеңес беру ісін де жүзеге асырып отыр.
– «Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасына келген әрбір кәсіпкерге көмек қолын созып, кәсібін дөңгелетуге бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Кәсіпкерлікті өрістетуге жан-жақты жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өнімді қолдау, білікті мамандар даярлау, халықты бизнеске сауаттандыру мәселелері біз үшін күн тәртібінен түскен емес. Жаңа ғасырда, жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілеудің негізгі шешуші факторы еңбек болмақ, тек тынымсыз еңбектің арқасында біз қандай да бір қаржылық қиындықтарды жеңіп, ел экономикасын өрге сүйрей алатынымыз анық. Бизнес жұмыс істесе, ол – қосымша салық, қосымша жалақы, жаңа жұмыс орны, ал жұмыс орны – әлеуметтік жағдайдың маңызды индикаторы, – деді «Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Бекзатхан Бауыржанұлы.
Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, соңғы 6 айда 277 азаматқа 650 кеңес берілді. Олардың 172-сі кәсіпкерлік субъектісі болса, қалғаны кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға ниетті 75 азаматқа бизнес ­жоспар әзірленген. Нәтижесінде жалпы құны 157 млн теңгені құрайтын 37 жоба мақұлданып, 38 жоба қаралуда. Оған қоса «Мен кәсіпкер» жобасының «Кәсіпке бағыт» бағдарламасы аясында 20 жылдан астам уақыттан бері күріш, көкөніс пен бақша дақылдарын өсіруге маманданған эксперттен бақша және көкөніс шаруашылығы бойынша 14 кәсіпкер теориялық және практикалық білім алып, біліктілігін көтергенін де тілге тиек етті.
Кәсіпкерлікке қолдау көрсету мемлекеттің әлеуетін нығайтуға тікелей әсер ететіні баршаға мәлім. Сондықтан да Мемлекет басшысының Жолдауларында бұл салаға қажетті мәселелер басым айтылады. Өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін көбейту үшін «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керегін нұсқады. Міне, сол бағытта толымды жұмыстар атқарылып, ауданнан жуырда ғана қызанақ пастасын өндіру цехы ашылды. Бәйтерек ауылдық округінде бой көтерген «Barly Bai & K» өндірістік кооперативі, мемлекет тарапынан аз пайызбен 27,6 млн теңге көлеміндегі қаражат алған болатын. Осылайша, кәсіптің көзін тапқан шиеліліктер өз өнімдерімен дүкен сөрелерін толықтыруда. Бүгінде Патима Махамбеттің «Тамаша» шұжығы, Қанат Мұсаевтың қызанақ томат пастасы, Жансая Имантаеваның кондитерлік өнімдері аудан хылқының сұранысын қанағаттандырып отыр.
Береке – бірлік бар жерге орнайды десек, табыс – тіршілікте тірлік істеген адамға келеді екен. Сондықтан да кәсіп ашамын деген жанға мемлекеттік бағдарламалар түрлі бағыт ұсынуда. Бұл жасалып жатқан мемлекеттік көмек пен қолдаудың түпкі мақсаты – еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясына сай әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарынан көрінуі болатын. Ал бұл міндетті орындау үшін әрбір қазақстандық кәсіпкерше ойлай біліп, еңбек етуі тиіс. Кәсіпкерліктің үлесі мемлекеттің қаржы секторын жарақтандыруда маңызды рөлге ие. Сол себепті шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі өзектілігін жоймайды.

Г.Дүйсебай
27 желтоқсан 2023 ж. 480 0