Сөз қадірін сақтаған, ел қадірін арттырған
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан құқықтық мәдениеті мен қоғамдық өмірінде билер институтының алар орны айрықша. Би – тек дау шешуші ғана емес, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтаған, әділдікті ту еткен, халықтың сөзін сөйлеген кемеңгер тұлға. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген дана сөз билердің әділдікке негізделген өмірлік ұстанымын айқын көрсетеді. Олар қандай жағдайда да ақиқаттан аттамай, ағайын арасындағы татулықты бәрінен биік қойған.Бүгінде сол асыл дәстүр тәуелсіз Қазақстанда жаңаша мазмұнмен жалғасып келеді. Мемлекет басшысының құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық келісімді нығайту және дауларды сотқа жеткізбей шешу жөніндегі тапсырмалары аясында еліміздің барлық өңірлерінде Билер кеңестері құрылып, нәтижелі жұмыс жүргізуде. Бұл игі бастама Шиелі ауданында да өз жалғасын тауып, аудан тұрғындарының сеніміне ие болған қоғамдық институттардың біріне айналды.
Шиелі аудандық Билер кеңесінің негізгі мақсаты – азаматтар арасындағы дау-дамайларды өзара келісім арқылы шешу, медиация институтын дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық келісімді нығайту. Кеңес мүшелері әрбір мәселені заң талаптарымен қатар ұлттық салт-дәстүр мен адамгершілік қағидаларына сүйене отырып қарап, дауласқан тараптарды татулыққа шақырады. Өйткені кез келген мәселені сотқа дейін бейбіт жолмен шешу – уақытты да, қаражатты да үнемдеп қана қоймай, адамдар арасындағы сыйластықтың сақталуына мүмкіндік береді.
Аудандық Билер кеңесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі – сот саласының ардагері, аудандық Билер кеңесінің алғашқы төрағасы болған Тұрмат Баймағанбетов еді. Ол саналы ғұмырын заң саласына арнап, әділдікті өмірлік қағидасына айналдырған тұлға болатын. Ұзақ жылдар бойы сот жүйесінде жемісті қызмет атқарып, кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттерімен де елдің құрметіне бөленді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, аудандық Билер кеңесінің құрылуына ұйытқы болып, оның тиімді жұмыс істеуіне зор еңбек сіңірді. Ел ішіндегі талай даудың сотқа жетпей келісіммен шешілуіне ықпал етіп, жастарға құқықтық тәрбие беру ісіне белсене қатысты. Оның бай тәжірибесі, сабырлы мінезі мен әділ шешімдері бүгінде кейінгі буынға үлгі болып, Билер кеңесінің жұмысында жалғасын тауып келеді.
Қазір аудандық Билер кеңесіне құқық қорғау саласының ардагері, полиция подполковнигі, заңгер Нұрғали Мақашұлы жетекшілік етеді. Заң саласында ұзақ жылдар жинақтаған мол тәжірибесі мен ел алдындағы абыройы оның кеңес төрағасы ретінде нәтижелі еңбек етуіне негіз болып отыр.
Ол 1964 жылдың 22 қаңтарында дүниеге келген. Отбасылы, төрт перзент тәрбиелеп өсірген ардақты әке. 1984 жылы Шымкент автомеханикалық техникумын «Автомобиль көлігін пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдап, техник-эксплуатационник біліктілігін алды. Кейін білімін жетілдіріп, 1998 жылы Д.А.Қонаев атындағы Алматы заң университетін бітіріп, заңгер мамандығын иеленді.
1984-1986 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтегеннен кейін ішкі істер органдарында қызмет жолын бастады. Қызылорда облыстық жол-патрульдік қызметінде аға инспектор, кейін аудандық ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып еңбек етті. Ал 1999-2009 жылдары аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып, құқық қорғау саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Көп жылғы адал еңбегі үшін полиция подполковнигі шенімен құрметті еңбек демалысына шықты.
Қоғамға қызмет ету оның өмірлік ұстанымына айналған. Сондықтан зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, бүгінде аудандық Билер кеңесінің төрағасы ретінде тұрғындар арасындағы татулықты нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге белсенді атсалысып келеді.
Қазіргі уақытта аудандық Билер кеңесінің құрамында өмірлік тәжірибесі мол, елге сыйлы азаматтар еңбек етуде. Кеңес мүшелері қатарында Насырбек Мырзабеков, Ержан Пірімбетов, кәсіби медиатор Гүлназ Қожатаева және қоғам белсендісі Нажемдин Қалыбаева бар. Олардың барлығы қоғамдық келісімді нығайту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу бағытында бірлесіп еңбек етуде.
Кеңес қызметінде кәсіби медиатор Гүлназ Қожатаеваның тәжірибесі ерекше маңызға ие. Медиация – бүгінгі қоғамда өзінің тиімділігін дәлелдеп отырған өркениетті құқықтық тетік. Оның басты мақсаты – дауласқан тараптарды сотқа жеткізбей, өзара келісімге келтіру. Мұндай жағдайда ешкім жеңілмейді, керісінше екі тарап та өзара түсіністікке келіп, адамгершілік қарым-қатынасты сақтап қалады.
Заман талабына сай, көптеген дау-дамайларды сотқа жеткізбей-ақ келісім арқылы шешуге мүмкіндік бар. Әсіресе көршілер арасындағы келіспеушіліктер, отбасылық даулар, мұрагерлік мәселелері, жер дауы, тұрмыстық жанжалдар сияқты мәселелерде медиацияның тиімділігі жоғары. Осындай жағдайларда Билер кеңесі тұрғындарға құқықтық әрі моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, тараптарды ортақ мәмілеге келтіруге күш салады.
Кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде құқықтық тәрбие мен медиацияның маңызы жөнінде дәрістер өткізіліп, жастарға заңға құрметпен қараудың маңыздылығы түсіндіріледі. Соттан жолданған істер бойынша татуластыру рәсімдері өткізіліп, көптеген мәселелердің бейбіт келісіммен аяқталуына ықпал жасалуда.
Айрықша атап өтерлігі, аудандық сотпен, прокуратурамен, полиция бөлімімен және Ардагерлер кеңесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Бұл құжаттар мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Осы ретте аудан тұрғындарына маңызды бір жайтты еске салған жөн. Егер қандай да бір дау немесе келіспеушілік туындаса, оны бірден сотқа жеткізуге асықпай, алдымен келісім арқылы шешудің жолдарын қарастырған дұрыс. Осы уақытта аудандық Билер кеңесі кез келген азаматтың өтінішін қарап, тараптарды татуластыруға және заң аясында әділ шешім қабылдауға әрдайым дайын. Мұнда жүгіну – ешқандай әлсіздік емес, керісінше татулық пен бірлікті сақтауға жасалған дұрыс қадам.
Халқымыз «Дау мұраты – бітім», «Ырыс алды – ынтымақ» деп бекер айтпаған. Ата-бабамыздан мирас болған осы қағиданы қазіргі таңда аталған кеңес лайықты жалғастырып келеді. Кеңестің басты мақсаты – адамдарды татуластыру, қоғамдағы ауызбіршілікті сақтау және заң үстемдігін нығайту.
Билердің даналығы – халқымыздың ғасырлар бойы сақталған рухани қазынасы. Сол асыл мұраны заман талабына сай жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әділдік пен өзара түсіністік орныққан жерде ғана тұрақтылық пен береке салтанат құрады. Сондықтан әрбір тұрғын кез келген мәселені сабырмен шешіп, дауласудан бұрын мәмілеге келудің жолын қарастырғаны жөн. Қажет болған жағдайда ел ішіндегі татулықты сақтауға бағытталған осы қоғамдық құрылымның мүмкіндігін пайдалануы – ортақ келісімнің нығаюына жасалған маңызды қадам болмақ. Бабалар аманатына адалдық – елдің ынтымағын арттырып, жарқын болашаққа бастайтын ізгі жол.
Бабалардан жеткен билік дәстүрінің мәні де осында – әділ сөз айтып, ағайын арасындағы татулықты сақтау. Осындай игі жолды жалғастырып жүрген азаматтардың еңбегі халықтың бірлігін нығайтып, қоғамдағы тұрақтылықтың берік негізіне айнала бермек.
Айнұр ИБРАШЕВА






