Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ТАЛҚЫЛАНДЫ

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазіргі таңда отандық өндірісті дамыту, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру және сапалы өнім өндіруге жағдай жасау – ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттың бірі. Себебі жергілікті өндірістің өркендеуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындардың табысын арттыруға, бюджет кірістерінің ұлғаюына және өңірдің экономикалық мүмкіндіктерінің кеңеюіне тікелей ықпал етеді.
Осы бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде қаралып, негізгі мәселе ретінде отандық тауарларды қолдау және ілгерілету жөніндегі шаралар талқыланды. Жиынды аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков жүргізді. Оған аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан басшысы отандық өнімді қолдау – тек экономикалық міндет емес, елді мекендердің әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды жұмыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау арқылы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
– Біздің басты міндетіміз – заң талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік сатып алу кезінде отандық тауар өндірушілердің мүмкіндігін тиімді пайдалану. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, олардың өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге қолдау көрсетуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар бір реттік шара емес, жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов баяндама жасап, ауданда отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бөлім басшысы жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктері, мемлекеттік сатып алуда жергілікті өнімдердің үлесін арттыру, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары және өндіріс саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков «Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына қарсы іс-шаралар туралы» баяндама жасап, қауіпті індеттің алдын алу, ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау және профилактикалық жұмыстардың барысы жөнінде мәлімет берді. Аурудың алдын алу бағытындағы шараларды күшейту, мал шаруашылығындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу – қоғамдық денсаулық пен ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтау мәселесі де қаралды. Бұл бағытта аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Тұрар Мұсаханов баяндама жасап, абаттандыру талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты қабылданған әкімшілік шаралар туралы ақпарат берді.
Аудан аумағының тазалығы мен көркейуі – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді.
Жұмыспен қамту мәселесіне байланысты аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Сандуғаш Төлегенова осы жылға арналған ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру, сондай-ақ бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындыларын таныстырды. Баяндамада жұмыссыз азаматтарды қолдау, еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес жұмыс орындарын ұсыну және халықты жұмыспен қамту бағытындағы шаралардың нәтижелері сөз болды.
Аппарат мәжілісін қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қаралған мәселелер ­бойынша жауапты бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Ол белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, атқарылған жұмыстардың нәтижесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

С.МАДИЯРОВА
10 тамыз 2026 ж. 21 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (9426).

08 тамыз 2026 ж.

№58 (9425)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31