Кешенді міндеттер қаралған кеңес
Аудан әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалық етіп, оған аудандық мәслихат төрағасы, әкім орынбасарлары, бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.Кеңес барысында Үкімет тапсырмаларының орындалуы аясында автокөлік жасау саласын дамыту мәселесіне басымдық берілді. Бұл бағыт елімізде өндірісті жаңғырту, экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттерімен тікелей байланысты.
Аудан әкімі өз сөзінде автокөлік жасау саласының тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, кәсіпкерлікті дамытуға және өнеркәсіптік әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беретін маңызды бағыт екенін атап өтті.
– Ауданымызда автокөлік шығаратын кәсіпорындар болмаса да, бұл саланың дамуына қажетті жағдай қалыптастыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал ету бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте күн тәртібінен бөлек бірқатар өзекті мәселе де қаралды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдаланылуы және егін науқанының барысы жөнінде ақпарат берді.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Маратжан Жұмаділ ауданның биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Баяндама барысында негізгі салалардағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды.
Әлеуметтік бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов Отбасының цифрлық картасы бойынша жүргізіліп жатқан сауалнама жұмыстары туралы баяндап, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларды анықтау бағытындағы жұмыстардың барысын жеткізді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының жай-күйі талқыланды. Кент аумағын көркейту, тазалықты сақтау және қоршаған ортаны жақсарту бағытындағы жұмыстардың сапалы орындалуы тапсырылды.
Жиын соңында аудан әкімі қаралған мәселелер бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, белгіленген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Ауданның тұрақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
«Өскен өңір» ақпарат








