
Жақында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат төрағасы,“Amanat” партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілісте аудан бойынша еңбек нарығын дамыту, тұрғындарды тұрақты әрі маусымдық жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және цифрландыру үдерісін ілгерілету мәселелері жан-жақты қаралды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен цифрлық даму бағытындағы жауапты сала жетекшілері баяндамалар жасап, ағымдағы жағдай мен шешілуі тиіс негізгі проблемалар жайлы ақпарат берді. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков еңбек нарығын дамытуда тек ресми көрсеткіштерге ғана емес, нақты нәтижеге мән беруді тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, жастар мен ауыл тұрғындарының тұрақты табыс көзін табуына жағдай жасау, бос жұмыс орындарын дер кезінде ұсыну сынды мәселелерге ерекше назар аударылатынын айтты.Сонымен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында жүйелі түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Жиын соңында аудан басшысы барлық сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу мерзімі мен сапасы қатаң бақылауда болатынын қадап айтты. Сонымен бірге, атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру екенін ерекше атап өтті.
@Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі