Адал еңбектің айнасы
Мемлекет басшысы өткен жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл – қоғамның алтын діңгегі болып табылатын қарапайым еңбек адамының мәртебесін асқақтатып, маңдай тердің қадірін арттыруға бағытталған өте дер кезінде қабылданған шешім. Осы орайда, өз ісіне адалдықтың, төзімділік пен шынайы жанашырлықтың асқақ үлгісін көрсеткен еңбек майталмандарын насихаттау – бізге парыз.№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектептің шежірелі тарихында есімі алтын әріптермен өріліп, бүкіл ұжымның, ақжарма ауылдың аяулы анасына айналған ардақты жан – Рабиға Рысмағанбетқызының ғибратты ғұмыры мен еңбек жолы бүгінгі жастарға таптырмас рухани темірқазық.
Қарапайым кәсіптің қасиетін ұққан еңбек адамы – Рабиға апай №40 А.Қыраубаева атындағы орта мектепте 1986 жылдан бері аспазшы ретінде қызмет атқарды. Содан бері талай жылдар бойы мектеп қабырғасындағы жүздеген шәкіртпен ұстаздар қауымына өз қолының жылуын, жүрегінің мейірімін қатып, дәмді асын ұсынды. Аспаздық – үлкен жауапкершілік, тазалық пен асқан адамгершілікті талап ететін қасиетті өнер.
Рабиға апайдың ұлылығы да осында, ол үнемі өзгеге көмектескісі кеп, айналасына шуақ шашып тұратын ерекше жанашыр жан. Ол кісі адамдарды үлкен-кіші, лауазымды немесе қарапайым деп ешқашан бөлген емес. Кіммен болсын сыйластық пен адалдықтың туын жоғары ұстап, тіл табыса білетін. Біздің, яғни кешегі жас ұстаздардың көз алдында әріптестік бағытта да, өмірлік мектепте де бізді өз перзентіндей баулып, анамыз секілді болды.
Өмір болған соң оның ыстығы мен суығы, белгілі бір нәубетті кезеңдері мен сынақтары қатар жүреді. Рабиға апайдың да басынан небір алмағайып, ауыр шақтар өткені жасырын емес. Алайда, ол кісі өмірлік серігі, қадірлі жолдасы Серікбай ағаймен бірге қандай да бір ауыртпалықты сыр бермей, күлімдеумен-ақ, ішкі кеңдікпен-ақ еңсере білді. Жолдасының да біртоға, салмақты, парасатты жан болғаны – Рабиға апай үшін үлкен бақыт пен мызғымас тірек еді.
Серікбай ағай да осы мектепте көп жылдар бойы шаруашылық меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, адал еңбегімен зейнетке шықты. Ол кісінің ұжымға да, бүкіл ауылға да үнемі күлімдеп тұратын нұрлы келбеті, жылы жүзі бүгінде марқұм болса да, ел жадында өшпес белгі болып сақталып қалды.
Бұл отбасы – елге мақтаулы, өнегелі шаңырақ. Олар бірлесе жүріп, 7 баланы тәрбиелеп, өсірді, қияға қондырып, ұясына орналастырды. Бүгінде сол перзенттер әр салада ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген азаматтарға айналды.
Бүгінгі таңда Рабиға апайымыз ауылынан жыраққа көшсе де, оның жүрегінің бір бөлшегі мәңгілікке осы туған топырақта қалып қойғандай.
Ең ғанибеті – апайымыз өзінің қалыптасқан ізгі әдетінен еш танған емес, жыл сайынғы әрбір мерекеде, айтулы күндерде мектеп ұжымын ұмытпайды. Денсаулығының сыр бергеніне қарамастан, үлкен жүрегімен бізді ойлап, өз қолымен пісірген тәтті тоқаштары мен ыстық сәлемдемесін беріп жібереді. Осы ақжарма ықыласы арқылы көңілінің әлі де осы алтын ұя мектеп ұжымында екенін аңғартады. Артынан ерген жас мамандар мен ұстаздар қауымына батасын беріп, жігерлендіріп, үміт отын жағады.
Рабиға апайдың бұл қамқорлығы мен мейірімі – біз үшін, мектептің жас буын ұстаздары үшін үлкен бақыт әрі жауапкершілік. Ол кісі біздің көз алдымызда тек еңбек адамы ғана емес, бізді аналық жүрекпен өсірген, қанаттандырған асыл анамыз болып қала береді. Ауырып жүрсе де бізді ұмытпай, тоқашын жолдап тұратын ол кісінің сол бір үзім наны мен ыстық сәлемінде бүкіл өмірдің мәні мен тәлімі жатыр.
Өз ісіне адал болып, айналасына тек шуақ шашқан, жүрегі кең анамызға Алладан шипа, ұзақ ғұмыр тілейміз. Сіздің салған сара жолыңыз, көрсеткен өнегеңіз біздің жүрегімізде мәңгі алаулап тұрмақ!
Мақпал Жусанбаева,
1 Мамыр ауылы
1 Мамыр ауылы







